Ақтөбе облысында 2023 жылы 216 млн теңгеге жөнделген бөгеттің жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғалды
Ақтөбе облысы прокуратурасымен Әйтеке би ауданындағы бөгеттің бұзылу дерегіне қатысты қылмыстық істі тіркеді.
Облыстың Әйтеке би ауданында 2024 жылдың 30 наурызында су тасқыны салдарынан «Щербаковское» бөгеті жарылған. Ал 2023 жылы аталмыш бөгет жергілікті қаражат есебінен 216 млн теңгеге жөнделген.
Прокуратура ақпаратына сәйкес, «Щербаковское» бөгеті Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасының балансына тиесілі. Басқарма 2023 жылы мемлекеттік сатып алу шарты негізінде мердігер «СК Гранд каналы» компаниясымен 216 113 450 теңгеге келісім жасасып, жөндеу жұмыстарынан кейін оны пайдалануға берген.
Алайда су тасқыны кезінде басқарма қабылдап алған бөгет жарылып, оның жанында орналасқан Жүргенов атындағы ауылдан 927 адам, оның ішінде 215 бала эвакуацияланып, 78 үйді су басып, 10 үй қираған. Электр және газбен жабдықтау желілері зақымданып, Жүргенов атындағы ауыл жарықсыз, сусыз және газсыз қалды.
Жағдайды ескере отырып, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігімен (салғырттық) қылмыстық істі тіркеді. Тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастыру үшін қылмыстық іс, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданды.
Шығынды есептеу
Айта кетейік, Қаржы министрі Мәди Тәкиев су тасқынынан зардап шеккендерге жергілікті бюджеттен 26 млрд теңге қарастырылғанын айтты. Министр бұл қаражат жетпесе, көмек үкімет резервінен берілетінін жеткізді.
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлетінін айтты. Министр әкімдіктер өңірлердегі қираған үйлерді санап, жаңадан қанша үй салу керек екендігін есептеп шыққан сәтте зардап шеккендерге көмек беру басталатынын жеткізді.
«Алдымен жергілікті бюджеттен, жетпеген жағдайда республикалық бюджеттен қаржы бөлеміз. Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі су тасқынынан мал басы шығын болған тұрғындарға өтемақы жергілікті бюджеттен төленетінін мәлімдеді. Ал су басқан аймақтан алып шыққан мал басына азық жетіспеген жағдайда «Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ фермерлердің өтінімдері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру шартымен малға азық жеткізуді ұйымдастырады.