Таяу Шығыстағы шиеленіс әсерінен Brent маркалы мұнай бағасы 90 доллардан асты – Bloomberg
Таяу Шығыстағы Израиль мен Хамас арасындағы шиеленіс әсерінен Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 90 доллардан асқан.
Bloomberg ақпаратына сүйенсек, Brent маркалы мұнай бағасы 91 долларға дейін қымбаттаған, бұл қазан айынан бергі ең жоғары көрсеткіш. Ал West Texas Intermediate маркалы мұнай бағасы шамамен 87 долларға жеткен.
2023 жылы шикі мұнай бағасы Таяу Шығыс пен Украинадағы геосаяси шиеленістер, сондай-ақ ОПЕК+ тасымалдауларының шектеулері әсерінен 18% өсті.
Басылымның жазуынша, Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстан кейін Хуситтердің Қызыл теңіздегі кемелерге шабуыл жасауы тасымалдау шығындарының өсуіне алып келген.
2 сәуірде Лондонның ICE Futures биржасында Brent мұнайының маусым айындағы фьючерстерінің құны барреліне 88,87 долларды құраған. Бұл алдыңғы сауданың жабылуындағы көрсеткіштен 1,45 доллар (1,66%) жоғары.
Нью-Йорк тауар биржасында (NYMEX) электронды саудада мамыр айындағы WTI мұнай фьючерстерінің бағасы 1,52 долларға (1,82%) өсіп, барреліне 85,23 долларды құрады. Бұл көрсеткіштер өткен жылдың қазан айында қазіргі деңгейден жоғары болған.
Еске сала кетсек, Украина Ресей мұнайын өндіру зауыттарына жасаған шабуылынан кейін, Ресейде бензин бағасы едәуір көтерілді.
DW ақпаратына сүйенсек, Санкт-Петербург халықаралық тауар-шикізат биржасындағы АИ-95 бензинінің бағасы алты ай ішінде ең жоғары деңгейге жеткен.
Goldman Sachs компаниясы Brent бағасы барреліне 70-90 доллар шамасында қалыптасады деп болжам жасаған.
Сауд Арабиясы Азия елдеріне жеткізілетін мұнай бағасын көтерді. Алайда басқа аймақтар үшін «қара алтын» бағасын арзандады. Бұл шешім осы айда күшіне енді.
Азия елдеріне жеткізілетін Arab Extra Light және Arab Light маркалы шикізат барреліне 0,2 долларға қымбаттайды. Нәтижесінде Оман/Дубай «қара алтыны» бағасынан асып түсті. Яғни барреліне 1,7 долларға жоғары болады. Осылайша аталған маркалардың құны барреліне 0,3 долларға өседі.