Прокуратура тағы бір су қоймасының жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғады

Жарияланды
су қоймасы
Ворошилов су қоймасының бөгеті 30 наурыз күні жарылған / Коллаж: kursiv.media

Прокуратура Алматы облысындағы Ворошилов су қоймасының жарылуына байланысты қылмыстық іс қозғады. Бұл жайлы Алматы облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі хабарлады.

Прокуратура 30 наурызда Алматы облысында Ворошилов су қоймасының бөгетінің бұзылу себептеріне тексеру жүргізген.

«Алматы облысының прокуратурасы жүргізген талдау нәтижелері бойынша ҚР ҚК 371-бабы «салғырттық» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оны тергеу Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментіне тапсырылды», – делінген хабарламада.

Бөгеттің бұзылуы салдарынан Жармұханбет өзенінің бойында орналасқан 12 мыңнан астам тұрғыны бар 2 елдімекенге қауіп төнген. Өзен бойымен ағып келген су жол бойындағы екі көлге келіп құйған. Суды сол екі көл ұстап қалған.

Шұғыл штаб пен уәкілетті органдардың және еріктілердің жедел әрекет етуінің арқасында тұрғындар эвакуацияланып, апаттың алдын алған.

Прокуартура мәліметінше 2017 жылы Ворошилов су қоймасы Алматы облысының Қаржы басқармасымен сенімгерлік басқару шарты негізінде «Л.Петрова» жеке кәсіпкерлігіне берілген. Соңғы баланс ұстаушысы – Алматы облысының Ауылшаруашылығы басқармасының «Іле ирригация» мекемесі.

Еске сала кетсек, Ақтөбе облысында дәл 30 наурыз күні Әйтеке би ауданында орналасқан «Щербаковское» бөгеті жарылды. Бұл бөгет 2023 жылы жергілікті қаражат есебінен 216 млн теңгеге жөнделген.

Прокуратура ақпаратына сәйкес, «Щербаковское» бөгеті Ақтөбе облысының табиғи ресурстар және табиғи ресурстарды реттеу басқармасының балансына тиесілі. Басқарма 2023 жылы мемлекеттік сатып алу шарты негізінде мердігер «СК Гранд каналы» компаниясымен 216 113 450 теңгеге келісім жасасып, жөндеу жұмыстарынан кейін оны пайдалануға берген.

Алайда су тасқыны кезінде басқарма қабылдап алған бөгет жарылып, оның жанында орналасқан Жүргенов атындағы ауылдан 927 адам, оның ішінде 215 бала эвакуацияланып, 78 үйді су басып, 10 үй қираған. Электр және газбен жабдықтау желілері зақымданып, Жүргенов атындағы ауыл жарықсыз, сусыз және газсыз қалды.

Жағдайды ескере отырып, Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 371-бабының 1-бөлігімен (салғырттық) қылмыстық істі тіркеді. Тергеу әрекеттерін жүргізуді ұйымдастыру үшін қылмыстық іс, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне жолданған.

Сондай-ақ оқыңыз