Полиция Әлия Назарбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғай алмады
Экс-президенттің кенже қызын рейдерлік жасады деп айыптаған кәсіпкерлердің арызын Бас прокуратура қабылдаса да, Алматы полициясы Әлия Назарбаеваның үстінен қылмыстық іс қозғай алмады.
Бұған дейін Әлия Назарбаеваға қарсы арыз Активтерді қайтару жөніндегі комитетке жолданған еді. Ұлттық баспасөз клубында осы тақырыпқа қатысты баспасөз мәслихаты өтіп, сонда кәсіпкерлер барлық заңсыздықты ортаға салған.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Әлия Назарбаева мен Конституциялық кеңестің бұрынғы төрағасы Игорь Роговтың әйелі Валентина Рогова рейдерлік шабуыл жасады деп айыпталды.
«2003 жылы танымал әулет өкілі өз ықпалын пайдалана отырып, құны 170 миллион долларды құрайтын (2003 жылғы есеп бойынша) жеті мұнай базасын тартып алды. Сонымен қатар 96 жанармай құю станциясынан тұратын жұмыс істеп тұрған кәсіпорынды меншіктеді», – деп жазылған хабарламада.
Ұйымдастырушылардың ақпаратынша, күдіктілер бұрынғы иелерін түрмеге қамап, күш көрсетеміз деп қорқытқан. Тіпті күндіз Алматының орталығындағы кәсіп иелерінің бірінің әкесін ұрлап кеткен.
«Куәгерлердің айтуынша, ұрлауға құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін. Сыбайластар қатарында Валентина Рогова болды. Игорь Иванович Роговтың әйелі, аталған тұлға мемлекеттік қызметтер атқарған. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы, Президенттің көмекшісі, Президенттің кеңесшісі және басқа да көптеген мемлекеттік қызметтерді атқарған», – деп жазылған Ұлттық баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихаты туралы хабарландыруда.
Жиында сөз сөйлеген «ТПК Азия» ЖШС иесі Нұрлан Бимурзин Әлия Назарбаеваға қарсы рейдерлікке қатысты арыз Активтерді қайтару жөніндегі комитетке жолданғанын жеткізді.
Ал полиция Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 179-бабына сілтеме жасап, қылмыстық іс қозғай алмағанын хабарлады.
«Жазбаша нысанда жасалған азаматтық-құқықтық мәмілелерді орындамау немесе тиісінше орындамау негізінде сот жарамсыз, ойдан шығарылған немесе жалған деп танылған арыздар тіркеуге жатпайды», – деп түсіндірді Алматы полициясының баспасөз қызметі.
Полицейлер кәсіпкерлерге азаматтық істер бойынша сотқа шағым түсіруге кеңес берді. Егер олар екінші тараптың әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілерін тапса, бұл туралы прокурорға хабарлап, қылмыстық іс қозғайды.