Қазақстанда шетелдік жүк көліктері үшін бөлшек саудадағы отын бағасын көтеру ұсынылды

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Энергетика министрлігі жанармай ағылып жатқан «жасырын дәлізден» қауіптенеді. Көршілес мемлекеттерге қарағанда елдегі баға диспаритеті отынның сыртқы ағынын күшейтіп отыр.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр отынды заңсыз тасымалдау арналарын анықтауды тапсырды. Ол үшін ҚМА, ҰҚК ШҚ, ҚМ МКК және басқа да мемлекеттік құрылымдар шекарадан жанар-жағармайды жылыстатудың жолын кесуі керек. Бұл қадам ішкі нарықта тапшылықтың туындамауына себепші болуға тиіс. ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, шетелдік жүк көліктері үшін шекара маңындағы АЖС-ға сараланған бағаларды белгілеу бойынша шаралар қабылдау қажет екенін қаперге салды.

Қазіргі уақытта АИ-80 маркалы бензин литріне шекті бөлшек сауда бағасы 89 теңге, АИ-92  үшін 205 теңге, жазғы және маусымаралық дизель отыны үшін 450 теңге деп белгіленген.  Қазақстандық автокөлік иелері күніне 295 теңгеден 100 литр бензин сатып алады. Дәл осындай көлеммен дизель отыны 450 теңгеден босатылады. Ал шетелдік және транзиттік автокөліктер литріне 450 теңгеден төлеп, дизель отынын шектеусіз құйып алады.

Соңғы екі жылда Ресейдегі жағдай өзгерді. Астрахан облысындағы автожанармай құю бекетінде АИ-92 бағасы – 51,5 рубль (Ұлттық банк курсымен 249,7 теңге), дизотын – 62,5 рубль (303,13 теңге). Кейінгі жылдары рубль бағамының төмендегенін ескерсек, Қазақстандағы жанармай бағасымен деңгейлес деуге болады. Энергетика министрлігі кезінде осы себепті дизотынға сараланған тарифті алып тастады. Бірақ Өзбекстан мен Қырғызстан жанар-жағармай материалдарының импортына тәуелді болғандықтан, ол елдердегі отын бағасы шарықтап тұр. Бұл жағдай «жасырын экспорт» қаупін күшейтуде. Транзитті автокөліктер қосымша баг орнатып, дизель отынын жаппай тасымалдауға көшіп еді. Бірақ кейін оған құзырлы органдар тыйым салды. 2022 жылдың тамызында Қазақстан дизель отынына сараланған тарифті қайта енгізді.

Сондай-ақ оқыңыз