Батыс Қазақстанда Жайық өзені бойындағы саяжайларда газ бен электр энергиясы өшіріледі

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Жайық өзені бойындағы саяжайларда газ бен электр энергиясы өшіріледі / коллаж kursiv.media

Батыс Қазақстан облысында су тасқыны қаупіне байланысты Жайық өзенінің бойындағы саяжайларда газ бен электр энергиясы өшіріледі.

Облыстық әкімдіктің ақпаратына сүйенсек, Ресей Федерациясының Ирикла су қоймасынан судың мол келуіне байланысты жақын күндері Жайық өзенінің деңгейі көтеріліп, су тасқыны болуы ықтимал.

«Су тасқыны ықтималдығына байланысты Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғау туралы 2014 жылғы 11 сәуірдегі №188-V Заңының 56-бабына сәйкес, қауіпсіз жағдайлар жасау мақсатында Жайық өзені жайылмасында орналасқан саяжайларда газ және электр энергиясы бүгіннен бастап сөндіріледі», – делінген хабарламада.

Облыстық әкімдік тұрғындардан қауіпсіз жерге көшуді талап етті.

Уақытша орналасатын үй болмаған жағдайда, аумақта эвакуациялық пунктер барын хабарлады:

  • Олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі(Зашаған кенті, Бірлік 7А)
  • Жекпе-жектен олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі (Зашаған кенті, Мөңкеұлы 114)
  • Орал «Сервис» технологиялық колледжі (Циолковский 2б).

Еске сала кетсек, су тасқынына байланысты Атырау облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

Жайық өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты Атырау облысы дайындықты күшейтті. Сәуір айының орта тұсында өзен арнасындағы судың тасуы ең жоғарғы шегіне жетеді деп болжануда. Жайықтың жоғарғы бетінде орналасқан Ресейдің Орынбор облысынан сағатына 3,6 км жылдамдықпен тасқын су ағып келеді. Атырау қаласы жанындағы ескі Сарайшық жұртын сақтап қалу мәселесі де өте өзекті.

Облыста орналасқан Құлсары қаласындағы жағдай туралы айтар болсақ, Жем өзенінің деңгейінің жоғарылауына байланысты Құлсары қаласының 2 810 үйін су басқан. Қазіргі уақытта Қызылқоға мен Жылыой аудандарында ахуал күрделі. Қаладағы су тасқыны салдарынан екі адам қаза болған.

Сондай-ақ оқыңыз