Тоқаев пен Путин телефон арқылы сөйлесіп, су тасқыны мәселесін талқылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, су тасқыны мәселесін талқылаған. Бұл жайлы Ақорда хабарлады.
«Президенттер шекара маңындағы өңірлерде орын алған су тасқыны жағдайын талқылап, екі ел үкіметтеріне табиғи апатқа қарсы күресте өзара ықпалдастықты нығайтуды тапсырды», – делінген хабарламада.
Одан бөлек, екі елдің президенттері Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты әрі көпжоспарлы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйін және даму перспективасын талқылаған. Тараптар екі елдің қарым-қатынастары дәстүрлі түрде әрі стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен.
Сонымен қатар олар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасып, алдағы кездесулер кестесін қарастырған.
Еске сала кетсек, Тоқаев пен Путин 2 наурыз күні де телефон арқылы сөйлескен. Онда мемлекет басшылары сауда-экономикалық, көлік-логистика және энергетика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру сынды екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді талқылаған болатын.
Ал 18 наурыз күні Тоқаев телефон арқылы хабарласып, Путинді сайлаудағы сенімді жеңісімен құттықтады. Мемлекет басшысы Ресей президентінің стратегиялық бағдары жалпыхалықтық қолдауға ие болғанын атап өткен.
Бұдан бөлек, тараптар стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келе жатқан екіжақты ынтымақтастық барысын талқылап, өзара тығыз ықпалдастықты одан әрі жалғастыруға келіскен.
Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне берген сұхбатында Путинмен кездесу тұрақты сипат алғанын, бұның Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың мән-мазмұны бай әрі жоғары деңгейде екенін айқын көрсететінін атап өткен.