Су тасқыны бойынша ахуал: Жайық өзені мен Сергеев су қоймасында су көтеріліп жатыр

Жарияланды
СҚО мен БҚО-да су тасқыны бойынша жағдай әлі де қиын / Фото: ТЖМ

Өңірлердегі су тасқыны бойынша жағдай әлі де күрделі. Әсіресе, СҚО Сергеев су қоймасында су деңгейі көтерілуде, ал БҚО-да Жайық арнасынан шығуы мүмкін. Осыған орай ТЖМ халықты қауіпсіз жерге эвакуациялап жатыр.

ТЖМ хабарлауынша, азаматтық қорғау қызметтерімен 88 мыңға жуық адам, оның ішінде 30 мыңға жуық бала эвакуацияланған. Ал уақытша орналастыру пунктеріне 7 мыңнан астам адам, оның ішінде 3 500 бала орналастырылған.

Ал авариялық-құтқару жұмыстарына шамамен 24 мың адам және 3 мыңнан аса техника, 10 әуе кемесі жұмылдырылған.

«Еліміздің Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды», – дейді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш.

Сергеев су қоймасы

СҚО-ның төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша су қоймасындағы су деңгейі 425 см көтерілген. Бұл көлемдегі су Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласына қауіп төндіреді. Департамент қоймадағы су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізіліп отырғанын хабарлайды. Сонымен бірге облыс аумағының 30 пайызында қар жатыр. Ерімеген қар алдағы күндері еріп, өңірдегі 219 елдімекенге қауіп төндіруі мүмкін.

«102 үйдің 75-і су астында қалуда. 360 адам эвакуацияланды, 44 адам үйлеріне қайтарылды. Тіршілікті қамтамасыз ету объектілері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының елді мекендерінің айналасындағы қорғаныш үйінділерін нығайту жұмыстары жүргізілуде», – дейді СҚО ТЖД бастығының орынбасары подполковник Мұрат Қанғожинов.

Айта кетсек, кешегі күні Сергеев су қоймасындағы су деңгейінің көтерілуіне байланысты Есіл арнасынан шығуы мүмкін екені айтылды. «Қазгидрометтің» СҚО-дағы директоры Қымбат Мерғалимованың айтуынша, Есіл ауданында су деңгейі 14 сәуір күні шарықтау шегіне жетеді. Ал Қызылжарда 21 сәуірде, Петропавлға Сергеевка су қоймасынан су 12-14 сәуірле келе бастап, 23 сәуірге дейін жалғасады.

«Сергеевка су қоймасындағы су деңгейі 418 см-ге көтерілген. Біз мұнда су деңгейі 420-430 сантиметрге көтеріледі деп болжағанбыз. Қоймадағы су деңгейі шарықтау шегіне жетіп, су тасқынының бірінші толқыны басталады. Бұл су Шал ақын, Есіл, Қызылжар аудандары мен Петропавл қаласы арқылы өтеді. Қазіргі уақытта аталған аудандар мен Петропавл бойынша бірінші толқынның қауіпті белгілері мен уақыты анықталды»,– дейді «Қазгидромет» өкілі.

Жайық өзеніндегі жағдай

Батыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының міндетін атқарушы полковник Руслан Қасыбаев Батыс Қазақстан облысында Жайық өзені бақылауға алынғанын хабарлады. Айтуынша алдағы күндері Ресейден келген су өзен деңгейінің көтерілуіне алып келуі мүмкін.

«Су Ресей Федерациясының тарапынан келеді. Онда су тасқынына байланысты Ириклин су қоймасынан көп мөлшерде су жіберілуде. Десе РФ тарапынан Ириклин су қоймасынан жіберілетін су көлемі біртіндеп азайып келеді. Көрші елдегі әріптестеріміздің хабарлауынша, қоймаға келетін су көлемі секундына 1 485 текше метрді құқраған. Ал жіберіліп жатқан су көлемі секундына 1 342 текше метрді құрайды»,- дейді Қасықбаев.

ТЖД өкілінің мәліметінше су тасқыны басталғалы бері су басқан аймақтардан 12 970 адам эвакуацияланған. Оның 5 400-ге жуығы бала. 1155 тұрғын үй су астында қалған. Әзірге 732-сіне тұрғындар қайтып оралған.

Қазсушар мекемесінің жедел ақпаратында Жайық өзенінің бір тәулікте 8 см көтеріліп, таңғы сағат 8-де 718 см жеткені жазылған. Қауіпті деңгей 850 см құрайды. Жалпы су тасқыны басталғалы бері өзен деңгейі 6 метрге көтерілген.

«Бүгінгі таңда Жайық өзеніндегі су деңгейі жергілікті ағынның және орта ағысында орналасқан өзендердің суынан көтерілді. Сәуір айының екінші жартысында Сақмара өзенің және Ирикла су қоймасынан тасталған судың есебінен су көтерілуі күтілуде. Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 106 текше метр шығынымен су түсуде»,- делінген Қазсушар хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз