Сауд Арабиясы Жетісу облысында 1,8 млрд долларға жел электр станциясын салады

Жарияланды
жел электр станциясы
ACWA Power компаниясы жел электр станциясы құрылысын 2025 жылы бастайды / Фото: kursiv.media

Жетісу облысында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясын салуға Сауд Арабиясы инвесторлары 1,8 миллиард доллар көлемінде қаражат салады. Осыған орай Сауд Арабиясы мен Қазақстан арасында арнайы келісім ратификацияланбақ. Тиісті құжат «Ашық НҚА» порталына орналастырылған.

«2023 жылғы 2 желтоқсанда Астанада жасалған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сауд Аравия Корольдігінің Үкіметі арасындағы жел электр станциясының жобасын іске асыру туралы келісім ратификациялансын»,- делінген қаулыда.

Екі тараптың келісімі шеңберінде Жетісу облысында жалпы қуаты 1 ГВт жел энергиясын пайдаланатын жел электр станциясының жобасын салу жоспарлануда.

Жобаны жүзеге асыру арқылы Қазақстан аумағында жаңартылатын энергия көздері мен орнықты даму саласындағы жобаларды ілгерілету көзделген. Бұл құжат тараптардың энергетикалық қауіпсіздік саласындағы мақсаттары мен басымдықтарына қол жеткізуге, сондай-ақ міндеттемелерін орындауға, экологиялық таза технологияларға көшуге және шығарындыларды азайтуға жәрдемдесуі мүмкін жобаларды ілгерілетуге жол ашады.

«Келісім жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларға және жасыл технологиялар және электр энергиясын өндіруге және сақтауға бағытталған инновацияларға қолданылады. Жобаны іске асыру ЖЭК секторын дамытуды жалғастыруға, 2030 жылға қарай – 15%-ға қол жеткізуді көздейтін ЖЭК дамуының қабылданған нақты нысаналы индикаторларына қол жеткізуге, сондай-ақ жыл сайынғы көмірқышқыл газының (С02) шығарындыларын қысқартуға мүмкіндік береді», делінген құжат түсіндірмесінде.

Бұл станция қосымша 3500 млрд кВтсағ жасыл энергия өндіретін болады. Ал жобаны іске асыру шеңберінде 250-ге жуық тұрақты жұмыс орны, 3000-ға жуық уақытша жұмыс орны құрылады. Жобаға шамамен 1,8 миллиард доллар инвестиция тартылмақ.

Станцияны ACWA Power компаниясы салады

Еске сала кетсек, «Самұрық-Қазына» Жоңғар қақпасы аймағында ЖЭС салынатынын биыл жазда хабарлады. Астанада өткен халықаралық форум аясында Самұрық-Қазына, ҚР Энергетика министрлігі, Жетісу облысы әкімдігі және ACWA power компаниясының басшылығы  ЖЭС жобасын іске асыру жөніндегі негізгі іс-шаралар мен мерзімін айқындайтын жоспарға қол қойған.

Аталмыш құжат – Мемлекет басшысының 2022 жылы Джедда қаласына барған сапары мен биыл Сауд Арабиясында қол қойылған Қағидаттар туралы келісімнің шеңберінде қол жеткізілген уағдаластықтардың жалғасы.

Келісімге сәйкес, жел станциясының құрылысы 2025 жылы басталуы тиіс. Станциясны Сауд Арабиясының ACWA Power компаниясы салады. Тараптар жел электр стансасын іске қосу уақытын 2029 жылға жоспарлаған.

ACWA Power – жаңартылатын энергия көздері, атап айтқанда, электр энергиясы мен тұщыландырылған су өндірісі бойынша әлемдегі жетекші компаниялардың бірі.​ Компанияның энергетикалық портфеліне 12 елдегі 77 актив кіреді. Жобалардың жиынтық қуаты 50,4 ГВт электр энергиясынан асады, ал компанияның жобаларға инвестицияларының жалпы көлемі шамамен 78,2 млрд долларды құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз