6 облыстағы 4 мыңға жуық үй су астында қалды. Тағы қай өңірге қауіп төніп тұр?
Су тасқыны салдарынан еліміздің 6 өңірінде 4 мыңға жуық үй су астында қалды. Бұл туралы ТЖМ азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш мәлімдеді.
Су тасқыны басталғалы бері 102 328 адам, оның ішінде 37 537 бала қауіпсіз жерлерге жеткізілген. Уақытша орналасу пунктеріне 6 757 адам, оның ішінде 3 148 бала орналасты. Бүгінде 10 120 адам үйлеріне оралған.
« 9,1 млн астам текше метр еріген қар суы сорып шығарылды, 1,7 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Бүгінгі таңда авариялық-құтқару жұмыстарында 35 551 адам, 3 557 техника, 750 су сору құралы, 214 жүзу құралы, 14 әуе кемесі жұмылдырылған», – деді ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш ОКҚ алаңында өткен брифингте.
ТЖМ өкілінің сөзінше қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 957 жеке тұрғын үй, 942 аула аумағы және 962 саяжай үйлері су астында қалған. 3 129 тұрғын үй мен 2 033 аула аумағынан су бұрылды.
«Еліміздің 8 өңірінде Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында жергілікті ауқымдағы 36 ТЖ әрекет етеді. ТЖМ азаматтарды аса мұқият болуға, су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын мүлтіксіз сақтауға, үйлерден және эвакуациялау пунктерінен тиісті рұқсатсыз кетпеуге шақырады», – деді Ерасыл Сайпаш.
Су тасқыны: Ақтөбенің екі ауылына қауіп төнді
Торғай өзенінде су деңгейі көтеріліп, Ырғыз ауданындағы Мамыр және Нұра ауылдарының тұрғындарына қауіп төніп тұр. Ақтөбе облыстық ТЖД басшысы Нұрғали Жүнісов осылай деп баяндады.
Қазіргі уақытта бұл ауылдардан тұрғындар толығымен эвакуациялануда.
«Осыған байланысты кешеден бері ТЖД қызметкерлері Қорғаныс министрлігінің тікұшағымен Мамыр ауылынан 80 адамды, Нұра ауылынан 233 адамды жалпы 313 адамды эвакуациялады. Олар Ырғыз ауданындағы эвакуациялау пунктіне орналастырылды», – деді Нұрғали Жүнісов.
Айта кетейік Батыс Қазақстан облысындағы Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарының 80-нен астам елді-мекені мен Жайық өзенінің бойындағы Орал қаласына да су басу қаупі төніп тұр. Бүгінде өңір су тасқынының екінші толқынына күшейтілген режимде дайындалып жатыр. Өйткені, көршілес Ресейдің Орынбор облысынан Жайық өзеніне секундына 3 мың текше метрден астам көлемдегі су келуде.
Ал Атырау облысының мұнайгаз кен орындарындағы төрт ұңғыма су астында қалды. «Ембімұнайгаз»АҚ «Қайнармұнайгаз» мұнайгаз өндіру басқармасына қарасты «Шығыс Уаз» кен орнындағы №101, №106, №116 ұңғымаларын су басты. Бұл жердегі бөгеттің жанына төселген құм салынған қаптардың үстіне топырақ төгілуде. Сондай-ақ Сағыз өзеніне суды НБ-50 сорғымен айдау жұмысы жүргізілуде.