Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданында жағдай қиын. Оралдағы саяжайларды су басуда. Елде 107 119 адам құтқарылды

Жарияланды (жаңартылды )
kursiv.media

Солтүстік Қазақстан облысында 400-ден астам үйді су басты. Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданындағы ахуал күрделі. Қызылжарда 320 үйді су басты. Есіл өзенінің тасуы салдарынан Петропавл қаласына су кіре бастады. Қаланың Подгора ауданынан дрон көмегімен 48 адам эвакуацияланған. Түнде одан басқа 11 адам үйінен шығуға қарсылық білдірген. СҚО-да жүрген Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр жергілікті органдарға жағдайды қатаң бақылауды тапсырды.

Петропавлға 330 тонна су жеткізілді

Петропавлда дүкендерден ауызсу бөтелкелері тез таусылып жатыр. Әлеуметтік нысандар мен үйлерге 53 техникамен су тасымалдануда. Қалаға 330 тонна су әкелінген.

Заречный және Былғары кентінің, Ойқаланың, Тепличное, Прибрежное және Бескөл ауылдарының тұрғындары уақытында эвакуацияланды. Облыс бойынша 19 уақытша орналастыру қосыны жасақталған. Өңірдегі Сергеевка су қоймасының сыйымдылығы – 159%.  Өңірде 1 648 үй мен 1 115 аула аймағы су астында қалады. Облыс бойынша 7 354 адам эвакуацияланды, соңғы тәулікте 3 648 адам шығарылды. Қауіпсіз жерге 5,3 мыңнан астам мал айдалды.

Ақмола облысының Астрахан ауданында төтенше жағдай жарияланды. Аудан аумағындағы Колутон, Аршалы және Боқсық өзендері тасып, төрт ауылды су жайлаған. 160 көшірілді.

Төтенше жағдай министрлігі Ақтөбе облысындағы Ырғыз, Май, Нұр және Белшер ауылдарында жасанды қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмысы жалғасып жатқанын хабарлады. Осы мақсатта 7 мыңнан астам қапшық төселді.

Жем өзенінің деңгейі төмендеді

Атырау облысының Жылыой ауданында жағдай қалыпқа келе бастады. Жем өзені 85 сантиметрге төмендеді. Аудандағы 500 үй электр желісіне қайтадан қосылды. Жылыой ауданындағы Құлсары қаласынан тағы бір ер адамның мәйіті табылды. Бірнеше күннен бері қалада жоғалып кеткен әке мен бала іздестіріліп жатыр.  

Жайық өзенінің бойында орналасқан Индер, Махамбет аудандары мен Атырау қаласын сақтап қалу үшін 100 шақырымнан астам бөгет тұрғызылды.

Жайық өзенінің Орал гидрологиялық бекетінде су деңгейі 755 сантиметрге жетті. 17 сәуірде Январцев ауылының қоймасындағы су деңгейі қатты көтерілуі мүмкін. Орал қаласындағы 1905 саяжай үйін су басты. Үкімет басшысының тапсырмасы бойынша қалаға арнайы техникалар мен әскерилер жөнелтілуде. Алматыдан тағы 51 техника келмекші. Облыста 13 193 адам эвакопунктерге көшірілді.

ҚР ТЖМ мәліметі бойынша, азаматтық қорғау қызметтері 107 119 адамды, оның ішінде 38 457 баланы құтқарды. Оның ішінде 11 674 адам үйлеріне оралды. Облыстардағы уақытша орналастыру пунктерінде 7 414 адам, оның ішінде 3 173 бала бар.

Сондай-ақ оқыңыз