ҚР Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израильді бейбіт келіссөз арқылы татуласуға үндеді. Алматы әуежайы халықаралық рейстер үшін қауіпсіз бағытты таңдамақ
Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленісті дипломатиялық жолмен шешу қажет екенін мәлімдеп, тараптарды татуластыруға шақырды.
«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Иран мен Израиль арасындағы шиеленістің күрт нашарлауына байланысты терең алаңдаушылық білдіріп, тараптарды барлық келіспеушілікті тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін ұстамдылық пен кідіріссіз шаралар қабылдауға шақырады.
Қазақстан өңірдегі жағдайды тұрақтандыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне өзінің берік қолдауын тағы да атап өтеді», – делінген Сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.
Таяу Шығыстағы жанжал көптеген мемлекетті алаңдатып отыр. Иран, Ирак, Иордания, Ливан, Израиль, Египет, Сирияда геосаяси ахуал өте күрделі. Алматы халықаралық әуежайы рейстер қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барлық шара қарастырылып жатқанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта қазақстандық әуе компаниялары жоғарыда аталған елдердің әуе кеңістігін айналып өту мақсатында рейстер кестесін қайта қарауда.
Құрметті жолаушылар, рейстердің мәртебесін ресми сайттарда немесе әуе компаниялардың байланыс орталықтары арқылы бақылап отыруларыңызды сұраймыз», – делінген Алматы әуежайының хабарламасында.