Су басқан өңірдерді қалпына келтіру жұмыстарын үйлестіретін жедел топ құрылды

Жарияланды
Жедел топ үй, инфрақұрылым, әлеуметтік нысандардың құрылысын үйлестіреді / Фото: kursiv.media

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үйді, әлеуметтік инфрақұрылымды, коммуналдық шаруашылық объектілерін қалпына келтіру жөніндегі барлық жұмысты жергілікті жерлерде үйлестіру үшін 3 жедел топ құрды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми өкілі Меруерт Ибраева мәлімдеді.

Бірінші топ Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың бастауымен құрылған. Олар Ақтөбе облысына барған. Одан әрі министр Ақмола және Қостанай облыстарына барып, сондағы жағдаймен танысады.

Ал екінші жедел топты Құрылыс және Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жүнісбеков басқарады. Олар қазіргі таңда Павлодар облысындағы жағдаймен танысып жүр. Алдағы күндері Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын аралайды.

Үшінші топқа «Мемсараптама» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны бас директоры Қуандық Қажкенов жетекшілік етеді. Олар жұмыс сапарын Батыс Қазақстан облысынан бастаған. Одан әрі Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарындағы жағдайды тексереді.

Үш топ құрамына Ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау, су ресурстары, Төтенше жағдайлар, экология, Ғылым және жоғары білім вице-министрлері кірген. Сондай-ақ Үкімет аппаратының аймақтық инспекторлары да топ құрамында елдің жай-күйін бақылайды.

Ақтөбе облысына барған сапарында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқынынан зардап шеккендерге жаңа тұрғын үй салу үшін әкімдік бөлген жер учаскелерінің жай-күйін тексерді. Министр жүргізіліп жатқан жұмыстардың жеделдігі мен сапасын жеке бақылауда ұстайтынын атап өтті.

Еске сала кетсек, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев су тасқыны салдарынан қираған үйлерді қайта салуға мемлекет бюджеттен әр үй үшін 22 млн теңге бөлінетінін айтты.

«Бір үйдің құнын 22 млн теңге деп бағалап отырмыз. Бұл 2 пәтерлі 80 квадрат метр үйдің құны. Яғни бір квадрат метр үшін 281 мың теңге деп есептелген», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз