Ұлттық банк базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетуі ықтимал – ЕАДБ
Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) сарапшылары орта мерзімді болашақта Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетеді деген болжам жасайды.
Бұған дейін 12 сәуір реттеуші бұл көрсеткішті 14,75 пайыз деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады. Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов биылғы су тасқыны негізгі үш мәселеге әсер ететінін атап өтті. Оның ішінде әлеуметтік сала, кәсіпкерлік белсенділіктің төмендеуі, зардаптарды жою үшін қажет қаржы көлемінің артуы сынды факторлар бар.
«Экономикадағы инфляциялық қысым ішкі сұраныс пен тұрақты инфляциялық болжамдардың әсерінен жалғасып жатыр. Орта мерзімді перспективада Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфляциялық мақсатқа қол жеткізу үшін қалыпты қатаң монетарлық шарттарды сақтай отырып, базалық мөлшерлемені біртіндеп төмендетеді деп есептейміз», – деп хабарлады ЕАДБ апталық шолуында.
Ұйымның желтоқсан айындағы болжамында 2024 жылдың соңында мөлшерлеме 10% деңгейіне жетуі мүмкін деп көрсетілген.
«Инфляциялық қысым әлсірегеннен кейін, мөлшерлеме 2025 жылдың соңына қарай 7–8%-ға дейін төмендеуі мүмкін», – деген де болжам жасалды.
ЕАДБ сарапшылары 2023 жылдың екінші жартысынан бастап базалық мөлшерлемені төмендету циклінің басталуы олардың болжамына сәйкес келгенін растады.
Halyk Finance сарапшылары инфляцияны тежеп, экономикалық дамуды ынталандыру үшін мөлшерлемені төмендету керек екенін айтқан.
Ал AERC сарапшылары оны мерзімінен бұрын төмендету жылдық инфляцияның өсуіне ықпал етуі мүмкін деп тұжырымдайды. Ұлттық банктің макроэкономикалық сауалнамасында сарапшылар бүкіл болжамды кезеңде базалық мөлшерлеме жоғарылау болады деп пікір білдірген.