Қазақстан банктеріндегі депозит көлемі екі ай қатарынан артып келеді
Наурызда қазақстандық банктердегі депозит көлемі 0,97%-ға өсіп, 34,5 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Ұлттық банк хабарлады.
Қаржы ұйымдарындағы жинақ көлемі екі ай қатарынан артып келеді. Жылдық динамикада көрсеткіш 12,3%-ға өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттер көлемі бір айда 1,6%-ға артып, 26,6 трлн теңгені құрады. Шетелдік валютадағы депозиттер наурызда 1,1%-ға төмендеп, 7,89 трлн теңгеге жетті.
Бұл ретте ұлттық валютадағы жеке тұлғалардың депозиттері 1%-ға өсіп, 14,7 трлн теңгені құрады. Ал шетел валютасындағы жеке тұлғалардың салымдары 1,3%-ға артып, 3,99 трлн теңге болды. Теңгемен жинақталған заңды тұлғалардың депозиттері 2,4% динамика көрсетіп, 11,8 трлн теңгені құрады. Ал доллармен көрсеткіш 1% өсіп, 3,9 трлн теңгеге жетті. Бұл ретте заңды тұлғалардың жинақтары 15,7 трлн теңге болса, жеке тұлғалардың салымдары 18,7 трлн теңге шамасында.
Ұлттық валютадағы пайдасын жоғалтпай алуға болатын депозиттер 5,8 трлн теңгені құрап, 4,5%-ға төмендеді. Ұлттық валютадағы басқа депозиттер (пайдасыз алынбайтын) 20,8 трлн теңгені құрады. Шетел валютасындағы пайдасын жоғалтпай алуға болатын депозиттер қаңтар айының соңында 2,3 трлн теңгені құрап, 7,5%-ға өсті, шетел валютасындағы басқа депозиттер 5,6 трлн теңгені құрады.
Еске сала кетсек, 12 сәуірде Ұлттық банк базалық мөлшерлемені бұрынғы 14,75% деңгейінде қалдырды. Шешім ақша-несие саясаты жөніндегі кеңестің қорытындысы бойынша қабылданды. Бұған дейін мөлшерлеме қатарынан бес рет төмендеген. 2024 жылдың наурыз айында банк мерзімді депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін орта есеппен 15%-дан 13,5%-ға төмендетті.