Тоқаев су тасқынына байланысты халықаралық шараларға жұмсалатын бюджетті қысқартуды тапсырды
Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысында эвакуацияланған тұрғындармен кездесу кезінде халықаралық шараларға жұмсалатын бюджет қаржысын қысқартуды тапсырды.
Ақорда ақпаратына сүйенсек, президент бірқатар өңірдегі су тасқынына байланысты қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкіметке, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берді.
«Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады», – деді Тоқаев.
Ол мемлекеттік органдарға су тасқыны салдарынан сабақ алуы керек екендігін ескертіп, апаттарды алдын ескерту жүйесі жетіспейтінін айтып, гидротехник кадрларды даярлау туралы шұғыл шешім қабылдауды тапсырды.
Президент өңірдегі эвакуацияланған тұрғындармен кездесу барысында шығындарды өтеу үшін мемлекет барлық тиісті шараны қабылдайтынын айтты.
«Қазір бәріміз өте күрделі кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Бұл – жалпыұлттық апат. Дегенмен, бір жағынан алып қарасақ, оң өзгерістер де анық байқалады. Судың беті қайтып келеді. Жақын арадағы 10 күнде өте қауіпті болады деп ойлаймын. Бірақ біз еліміз бойынша апат салдарын жою шараларын қабылдап жатырмыз. Біз су тасқыны салдарынан болған барлық шығынды өтейміз. Әрбір азамат, әрбір отбасы мемлекеттің қамқорлығында болады. Бұл – мен үшін басты міндет», – деді.
16 сәуірде Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келіп, өңірдің жағдайымен танысқан. Ақорданың хабарлауынша, Президент Сергеевка су қоймасының жағдайымен танысты. Сонымен қатар тікұшақпен Қызылжар ауданын және Петропавл қаласының төңірегін аралаған.
СҚО ТЖД баспасөз хатшысы Евгений Журавлевтің хабарлауынша Ақмола облысынан келетін су тасқынының екінші толқыны барысында Ғабит Мүсірепов ауданында су деңгейінің бірнеше сантиметрге артқаны байқалған. Ал Есіл ауданында Есіл өзенінің ағысы бойынша су деңгейі азайған. Осыған орай су тасқынына қарсы негізгі іс-шаралар Петропавл қаласынан өзеннің төменгі ағысы бойында жүргізіліп жатыр.