Париждегі Нотр-Дам шіркеуі өртенгелі бес жыл өтті: Тарихи ғимарат қашан қалпына келтіріледі?
Франция астанасының символдарының бірі Нотр-Дам шіркеуінде өрт шыққан күннен бері тура 5 жыл уақыт өтті. Тоғыз жүз жылға жуық тарихы бар тамыры терең құнды нысан 2019 жылы 15 сәуірде тілсіз жау салдарынан қатты бүлініп, бүгінде қос мұнарасындағы темір конструкция сүрілген.
DW ақпаратына сүйенсек, өрттен кейін Франция президенті Эммануель Макрон тарихи жәдігерді 5 жылда қалыпқа келтіреміз деп сөз берген.
Жақында Франция үкіметі Париждің көркі саналатын «Құдай ана» шіркеуі биыл жыл соңында, яғни 8 желтоқсанда қайта ашылатынын, «бұрынғыдан да еңселі» болатынын мәлімдеді. Қала үкіметі готика үлгісіндегі эпископал шіркеу бекітілген кестеге сай жүргізіліп келе жатқанын айтады. Наурыз соңында қайта қалпына келтіру бөлімінің жетекшісі Филипп Жост Франция Сенатының комитетіне «бекітілген уақыт пен бюджетті толық сақтап жатырмыз» деп есеп берді. Жост аталған қызметке 2023 жылы тамызда осының алдындағы басшысы генерал Жан Луи қаза тапқаннан кейін тағайындалған еді.
Негізі жөндеуді Парижде өтетін Жазғы Олимпиадаға дейін аяқтау жоспарланған. Өкінішке қарай, төрт жылдықтың басты спорт бәсекесіне әлемнің түкпір-түкпірінен жиналатын көрермен «Құдай ана» шіркеуіне кіре алмайды. Дегенмен жаңадан тұрғызылған мұнараларын алыстан қайта көруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар құрылысшылар ғимараттың қорғасын шатырын да қайта жөндеп жатыр.
Реставрация жұмыстары ғимараттың бастапқы келбетін қалыпқа келтірумен шектелмей, өртке қарсы және өрттен қорғайтын жүйе орнату да қарастырылған. Оған қоса электр қуатымен, жылыту құбырларын жаңарту да жоспар бойынша жүріп жатыр.
Өрт себебі: тоқтың тұйықталуы немесе темекі тұқылы?
Париж өрт сөндіру қызметі тарихи ғимаратындағы өртті 4 сағат сөндірді. Есіңізде болса, ғимараттың ағаш шатыры қатты өртеніп, тілсіз жауды ауыздықтау қиынға соққан болатын. Төзімді материалдардан жасалған бас мұнаралар мен шіркеудің батыс беті, неф қабырғалары, тірек бағаналар мен ғимараттың төбесін сақтап қалу мүмкін болды. Өрт кезіндегі түтін, сөндіруге қолданған су, көбік шіркеу ішіндегі жиһаздарға тигенімен, сыртқы келбетіне аса әсер ете қоймады.
Дегенмен өрттің негізгі себебі әлі де белгісіз. Апаттың зардабының масштабы қала әкімшілігі күткендей үлкен болмады. Готика Мадоннасының дәл жанындағы өткел құласа да, Мадоннаға ештеңе болмады. Жұртшылық мұны «Нотр-Дам ғажайыбы» деп атады.
Терезелер Кельнде реставрацияланды
Мәдени жәдігердің өртке оранған суреттері тез таралып, көпшіліктің үрейін шақырды. Франциялық донорлар ескерткішті қайта қалпына келтіруге 850 млн еуро жинап беретінін хабарлады. Бірақ Германия да реставрация саласындағы тәжірибесін бөлісіп, қаржылай көмек беруге ниетті екенін жеткізді. Кельн шіркеуіне қарасты құрылыс үйі «Құдай ана» шіркеуінің өрттен қатты бүлінген 4 терезесін қайта жасап берді. Абстракт формалы төрт терезе 1960-шыжылдары жасалған француз әйнек суретшісі Жак Ле Шевальенің қолынан шыққан туынды еді.
Кельн әйнек шеберханасында қалпына келтіру бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Алдымен залалсыздандыру камерасында улы қорғасын шаңынан тазартты. Одан кейін реставраторлар терезе әйнегін тазартып, сынықтарды жамады, жақтауын жаңартып, терезе панельдерінің сыртқы бетіне цемент жақты. Реставрацияланған терезелер 2023 жылы орнатылды.
Өрттен кейін анықталған жаңалық
Өрт кесірі өлшеусіз болса да, француз зерттеушілері оқиға орнынан сенсация жаңалық тапты. Темір конструкцияны ұстап тұрған темір қысқыштарға жасалған металлургиялық талдама нәтижесінде қысқыштар шіркеу алғаш салынған ХІІ ғасырда қондырылғаны анықталды. Бұл жаңалық Нотр-Дамды темір тірек қолданған әлемдегі ең ескі діни ғимаратқа айналдырды.
Одан бөлек шіркеу кіреберісі неге сонша биік болғаны да анықталды. 1163 жылы Нотр-Дам құрылысы басталғанда биіктігі 32 метр болатын неф қондырылған. Ол үшін сәулет үйлесімі арнайы зерттелген. Ал сол нефты қондыру үшін ерекше мықты арка, крест тәріздес өткел биіктікті талап еткен. Кейін шіркеудегі ағаш пен тас бағаналар темір бағаналармен толықтырылған. Бұл ғимарат төзімділігін арттыра түсті.
Ескі стильдегі реконструкция
ХІХ ғасырда сәулетші Эжен Виолле-ле-Дюк мұнара бойымен тізіп қойған 12 апостол мен 4 евангелистің құнды мүсіні өрттен аман қалды. Өйткені өрт шығардан бірнеше күн бұрын шатыр реставрациясы себебімен сыртқа шығарылған болатын.
Орта ғасырлық шатыр реконструкциясы үшін 2000 түп емен шабылған. Ал ол ағаш діңін шауып алу үшін шеберлер шіркеудің сыртқы беті салынған балта қолданған. Балталар бүгінде Париж сәулет мұражайына қойылған. Онда реконструкция түпнұсқаға мейлінше жақын шығуы үшін тастар мен ағаштарды бұрынғы орнына қайта қою үшін атқарылған еңбек көрсетіледі.
Нотр-Дам реконструкциясы әлемде сәулет дебатын туғызды. Сәулет өнерінің майталмандары өртеніп кеткен темір конструкция тақырыбында көп сөзге келді. Кейбірі әйнек қолданып, заманауи реконструкция жасауды ұсынса, сарапшылар комиссиясы жөндеу жұмыстары ғимараттың түпнұсқасына жақындатуы керек деген байламға келді.