Алдағы 3 жылда Қазақстанның 30 шақты мұнай-газ кен орнында өндіріс жұмыстары басталады – Энергетика министрлігі
Қазақстанда жер қойнауын пайдалану саласында жаңа үлгілік келісімшарт бойынша құны 9 млрд теңге болатын 5 келісімшарт жасаған. Бұл жайлы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, 2023 жылы енгізілген «Күрделі жобалар бойынша жақсартылған модельдік келісімшарт» негізінде Теңіз-Қаламқас-Хазар, құрлықтағы күрделі жобалар – тұзасты Қаратон, Шығыс Өріктау, Солтүстік Майбұлақ, жол бойындағы газ жобасы- Оңтүстік, Орталық, Аса, Кендірлік, Тамғалытар, Оппак жобалары бойынша келісімшарт жасалған.
Жер қойнауын пайдалану саласында жаңа үлгілік келісімшарт негізінде Қазақстанда кен орындарында геологиялық барлауды бастау үшін талап етілетін рәсімдер мерзімі айтарлықтай қысқарған. 2024 жылы мемлекеттік органдарда келісу мерзімдерін оңтайландырған және тиімсіз рәсімдер мен сараптамаларды жойған заңнамалық өзгерістер қолданысқа енген. Нәтижесінде бұл барлау жөніндегі физикалық дала жұмыстарының басталуы 8-10 айға дейін жеделдеген.
Сонымен бірге электрондық аукцион рәсімдерін жеңілдету Қазақстан бюджетіне төленетін жазылу бонусының көлемін 1,5 есеге артқан. Бұған 2022-2023 жылдары қабылданған заңнамалық өзгерістер әсер еткен. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды өткізу кезінде бәсекелестік ортаны кеңейткен. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда бюджетке төленген қол қою бонусының сомасын 1,5 есеге, 12,8 млрд теңгеден 32 млрд теңгеге дейін ұлғаюына әсер еткен.
Министрлік хабарлауынша, Қазақстанда таусылмайтын кен орындарын игеруші инвесторлар үшін балама салық енгізілуі мүмкін. Игерудің кеш кезеңдеріндегі кен орындарына инвестициялау үшін 2023 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексте «сарқылатын кен орындары» ұғымы, олардың критерийлері енгізілген. Осы жылы осындай 307 мұнай кен орнының 24-іне жер қойнауын пайдаланушыларға балама салықты қолдану үшін Салық кодексіне түзетулер күтілуде.
«Бұл реформаны толық іске асыру геологиялық барлауға жыл сайын 200 млрд теңгеге дейін инвестиция салуға, 2045 жылға дейін мұнай өндіруді + 60 млн тоннаға ұлғайтуға және қазіргі жұмыс орындарын сақтауға серпін береді»,– делінген министрлік хабарламасында.
Мұнай-газ саласында қандай жобалар жүзеге асады?
Сонымен бірге 2023 жылы 30 көмірсутегі кен орны барлау кезеңінен өндіруге ауыстырылған. Олар мұнай қоры бойынша – Шығыс Ақжар – 51,4 млн тонна, Құл-Бас – 17,3 млн тонна, Солтүстік Майбұлақ – 5,9 млн тонна, Бестөбе – 5,0 млн тоннаны құрайтын кен орындары. Сонымен бірге Құбасай – 6,6 млрд м3, Айрақты – 5,9 млрд м3 көлемді құрайтын газ кен орындары. Мұндай кен орындарынан мұнай бойынша қорлардың өсімі – 115,4 млн тоннаны, газ бойынша – 25,5 млрд м3 құрайды. Аталмыш кен орындарында өнеркәсіптік өндіру 3 жыл ішінде басталады.
Елімізде газ тапшылығын болдырмау мақсатында 2023 жылы Рожковское (бұл жылына +1,0 млрд м3 шыңында қамтамасыз етеді), Оңтүстік Ақсай (Қызылордада жылына 100 млн м3 астам), Анабай (жылына +200 млн м3) кен орындарында газ өндіру бойынша жұмыс басталған. Бұдан бөлек орта мерзімді перспективада 69 млрд м3 астам көлемде алынатын газ қоры бар «Орталық Өріктау», «Батыс Прорва», «Қаламқас» тағы бірнеше газ жобаларын іске қосу күтілуде.
Сонымен бірге биыл Қазақстанда жаңа іздеу және барлау ұңғымалары бұрғылана бастайды. Министрлік хабарлауынша, көмірсутектердің жаңа кен орындарын іздеу мақсатында жер қойнауын пайдаланушылар 2024 жылы 80-нен астам іздестіру және барлау ұңғымаларын бұрғылауды жоспарлап отыр. Қызылорда облысының кен орындарында мұнай өндірудің жыл сайынғы құлдырауын ескере отырып, ағымдағы жылы мұнай мен газға перспективалы құрылымдарды анықтау мақсатында тереңдігі 5500 метр Торғай-палеозой учаскесінде терең іздестіру ұңғымасын бұрғылау басталады. Осы жылы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Абай теңіз құрылымында іздеу ұңғымасы бұрғыланады.
«Қаратон Тұзасты учаскесінде («Кaraton Operating» ЖШС, тереңдігі 5500 м), Адай блогында («Ocean Petroleum» ЖШС, тереңдігі 6900 м), Мақсат құрылымында («Фирма АЛМЭКС ПЛЮС» ЖШС, тереңдігі 6200 м), Сайөтес учаскесінде (SINOPEC филиалы, тереңдігі 5250м) және А блогында («5А Ойл» ЖШС, тереңдігі 6900 м) терең ұңғымаларды бұрғылауды бастау бойынша мәселелер пысықталып жатыр»,- делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Қазақстанда көмірсутектерді геологиялық барлауға 7,4 трлн теңге инвестиция салынды. Оның ішінде 152,4 млрд теңге барлауға жұмсалған.