Жасыл қаржыландыру: даму, тәуекел және мүмкіндіктер

Жарияланды
Жасыл қаржыландыру: даму, тәуекел және мүмкіндіктер/иллюстрация: shutterstock

Қазір «жасыл» қаржыландыру мәселесі өткір тұр. Екі ауыз сөзден тұратын бұл мәселенің сан алуан қыры бар. Ол – қоршаған ортаның тазалығы, ол – экологиялық таза өнім, ол – «жасыл» жобалар инвестициясы, ол – экономикаға өзгеше көзқараспен қарау деп жалғаса береді. Қалай болғанда да «жасыл» қаржыландыру – жобаны жүзеге асыру үшін қажетті ұзақ мерзімді қаржыландыру жүйесінің тамаша баламасы. Өйткені бұл жерде, ең бірінші кезекте, жобаның экологиялық тазалығы, қоршаған ортаға тигізер зардабының минималды деңгейі ескеріледі.

Қазір бұл бағытта бірқатар шаруа тындырылып, біршама құжаттар қабылданды:

  • 2060 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс көміртегі бейтараптығы стратегиясы;
  • Жасыл қаржыландыру түсінігі енгізілген, жасыл жобалар классификациясы бекітілген, жасыл қаржыландыру бойынша мемлекеттік қолдауды ұсыну мүмкіндігі көрсетілген Экология кодексі;
  • ESG облигациялар шығару үшін құқықтық орта қалыптастыруға мүмкіндік берген, ESG облигациялар шығарудың ерекшелігін анықтаған, ESG облигация орналастырудан түскен қаржыны пайдалану үшін бағыттар тізімін белгілеген бағалы қағаздар нарығы бойынша заң;
  • Мемлекеттік емес облигациялар шығарылымын мемлекеттік тіркеу ережесі.

Strategy& серіктесі Эндрю Макдауэллдің айтуынша, ұзақ мерзімді «жасыл» қаржыландырудың әлемдік тәжірибесі соңғы жылдары жасыл облигацияның жасыл, әлеуметтік және орнықты облигациялар үшін қозғаушы күшке айналғанын көрсетіп отыр. Оның сөзінше, жасыл, әлеуметтік және орнықты облигациялар өсімін ынталандыру бойынша Еуропа (2022 жылы жалпы шығарылымның 40 пайызға жуығын иеленді) маңызды ойыншы саналады. 

ESG сипаттама, критерий

Сарапшылар инвестициялық шешімдер қабылдау үшін компанияның ESG сипаттамаларының өсіп келе жатқан маңыздылығын атап өтеді. Инвесторлар өздерінің инвестициялық стратегиясында ESG факторларды алдыңғы қатарға шығарды. Олар компания таңдау кезінде ESG сүзгіні жиі пайдалана бастады. Инвестиция салмай тұрып бар рейтинг негізінде ESG критерий бойынша компанияның белсенділігіне бақылау жүргізеді. Сосын барып шешім қабылдайды.

«Орнықты қаржыландыру жобаларын ілгерілету шеңберінде компаниялар, қаржы ұйымдары және инвесторлар үшін тұрақты даму мақсаттары үшін, сондай-ақ гринвошингтің алдын алу үшін ESG тәуекелдерін бағалау мен басқарудың тиісті жүйесінің болуы айтарлықтай өзектілікке ие болады»,– дейді Орталық Азия және Түркия бойынша ESG командасының жетекшісі Адалят Абдуманапова.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Ольга Вурос «Халық» компаниясының жасыл қаржыландыру саласындағы ағымдағы тәжірибесі, жоспарлары мен жетістіктері туралы айтып берді.

«Halyk-тың осы бағыттағы жұмысы жауапты қаржыландыру қағидаттарын енгізу, тәуекелдерді басқару жүйесіне ESG интеграциясы және қаржыландырылатын портфельдің көміртегі ізін есептеу негізінде құрылады. Біз жауапты қаржыландыру ұстанымы мен практикасын енгіздік. ESG-скоринг жүйесінде климаттық тәуекелдерді, қоршаған ортаға залалын тигізуі мүмкін жағымсыз тәуекелдерді, су пайдалану тәуекелдерін бағалаймыз, сонымен қатар әлеуметтік әсер ету (еңбекті қорғау, жеткізу тізбегі, халықпен ынтымақтастық) тұрғысынан талдау жасаймыз. Тиісінше жобаның талап етілген критерийге қаншалықты сай екенін бағалаймыз»,– дейді.

Сарапшылардың бағалауынша, дәл қазір елдегі орнықты қаржыландыру нарығының көлемі 227,8 млрд теңгеге жетеді. 2060 жылға таман төмен көміртекті даму және көміртегі бейтараптығына жету үшін салынатын таза инвестиция көлемі 610 млрд долларға жетуі мүмкін.

«2021 жылдың қазан айында Мемлекет басшысы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі халықаралық конференцияда БҰҰ-ның парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізу жөніндегі үндеулерін қолдады. 2060 жылға қарай Қазақстанның көміртегі бейтараптығы стратегиясы 2023 жылдың ақпанында бекітілді. Көміртекті бейтараптық сценарийі мәлімделген мақсаттарға – парниктік газдардың нөлдік шығарындыларына қол жеткізу үшін мемлекеттің, бизнестің және жалпы қоғамның бірлескен күш-жігерін көздейді. Қазақстанда «жасыл» қаржыландыруды дамыту үшін барлық қажетті құқықтық орта қалыптасқан. 2021 жылғы қаңтарда жаңа Экологиялық кодекс қабылданды, оның шеңберінде «жасыл» қаржыландыру және «жасыл» жобалар ұғымдарының заңнамалық анықтамасы енгізілді, сондай-ақ «жасыл» облигациялар және «жасыл» кредиттер арқылы қаржыландыруға жататын «жасыл» жобалардың жіктелуі (таксономиясы) көзделген. Барлық мемлекеттік саясат декарбонизацияны ынталандыруға және «жасыл» жобаларға қатысты фискалдық, қаржылық және өзге де шаралар түрінде қолдау көрсетуге бағытталған»,– дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева.

ESG-облигацияларды шығару және айналысқа жіберу

Агенттік төрағасының орынбасары атап өткендей, «жасыл облигациялардың» инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қазақстандық компанияларға қазақстандық қор биржасында немесе АХҚО биржасында шығарылған «жасыл» облигациялар бойынша субсидиялар алу мүмкіндігі берілді. «Жасыл» қаржыландыру нарығын одан әрі дамыту үшін 2022 жылғы 12 шілдедегі сақтандыру және бағалы қағаздар нарығы, банк қызметі мәселелері жөніндегі заң шеңберінде Халықаралық капитал нарықтары қауымдастығының (ICMA) ұсынымдары негізінде ESG-облигацияларды шығару және айналысқа жіберу мәселелері реттелді.

ESG-облигацияларын орналастырудан түскен ақшаны мақсатсыз пайдалану жағдайларын болдырмау үшін оларды міндетті түрде сыртқы бағалау немесе верификациялау рәсімдері көзделген. Оны ESG қағидаттарына сәйкес тәуелсіз бағалауды жүзеге асыратын халықаралық қаржы, аудиторлық, консалтингтік ұйымдар жүзеге асырады.

2023 жылғы қазанның аяғында Қазақстанның тұрақты қаржы нарығында жалпы сомасы 226,9 млрд теңгеден астам сомаға облигациялар орналастырылды және несие берілді. Жасыл облигациялар мен жасыл кредиттерді қоса алғанда, «жасыл» тақырыптағы құралдар жалпы көлемнің 66%-ын құрады. 2023 жылдың қазан айының соңында жасыл қаржы құралдары шығарылымдарының көлемі 150,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде жасыл облигациялар – 112,9 млрд теңге, жасыл кредиттер – 37,3 млрд теңге.

Елімізде жасыл облигациялар мен жасыл кредиттер шығарудан түскен кірісті пайдаланудың негізгі бағыттары – энергия тиімділігі және жаңартылатын энергия көздері жобалары (үлестері тиісінше 32% және 31%).

Қалғанын аралас жасыл жобалар құрайды. Энергия тиімділігі жобаларына көше жарықтандыру желілерін салу және пайдалану, энергия тиімділігін арттырумен қатар парниктік газдар шығарындыларын азайтуға ықпал ететін электр желілерін қайта құру кіреді.

Мамандардың айтуынша, бүкіл әлемде қазірдің өзінде төтенше ауа райы жағдайларының көбеюінен, теңіз деңгейінің көтерілуінен және ауыл шаруашылық дақылдары өнімділігінің өзгеруінен көрінетін климаттық тәуекелдер айқын сезіліп жатыр. Парниктік газ шығарындыларын азайтуға бағытталған шаралар қабылданбаған жағдайда оның салдары алапат болады дейді сала өкілдері. Сондықтан климат өзгеруінің ең ауыр салдарларын болдырмаудың бірегей амалы – «жасыл» экономикаға көшу болмақ.

«Жасыл» облигациялар

Айта кетейік, былтыр Қазақстанның Даму Банкі AIX биржасында «жасыл» облигацияларды орналастырды. Бағалы қағаздар шығару көлемі 15 млн долларын құрады, сауда-саттық қорытындысы бойынша купондық мөлшерлеме жарты жылда бір рет купондық сыйақы төлей отырып, 5,65% деңгейінде айқындалды. Биржада орналастырылған барлық облигацияларды нарық қатысушылары толық көлемде сатып алған. Инвесторлар тарапынан жарияланған орналастыру көлеміне сұраныс 122,7%-ды құрапты.

ҚДБ Басқарма төрағасы Марат Елібаевтың айтуынша, ҚДБ ESG қағидаттарын өз жұмысы мен қарыз алушыларының қызметіне, оның ішінде Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамыту үшін тұрақты қаржыландыру құралдарын енгізу арқылы белсенді түрде енгізіп жатыр.

«Бұл саясаттың бір бөлігі облигацияларды AIX алаңында орналастыру болды – бұл банктің екінші «жасыл» облигациялары. Осы орналастыру үшін Орталық Азияда алғаш рет Climate Bonds Initiative халықаралық стандарттары бойынша сертификат алынғаны маңызды»,– дейді.

Climate Bonds Initiative (CBI) сертификаттауы климаттық облигациялардың әлемдік стандарттарына бағалы қағаздардың сәйкестігін көрсетеді. Даму Банкінің облигациялары CBI стандарттары бойынша сертификат алған Орталық Азия кеңістігіндегі қаржы институттары арасындағы борыштық капитал нарығындағы алғашқы мәміле болды. Орналастыру нәтижесінде алынған қаражат жаңартылатын энергетика саласындағы жобаны қаржыландыруға бағытталады.

Сондай-ақ оқыңыз