Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық істерін қарайтын әйел тергеушілердің саны артады

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Бүгінде ІІМ-де 280 әйел тергеуші жұмыс істейді / Фото: kursiv.media

Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық сипаттағы қылмыстарды тергейтін әйел полицейлердің саны артуы мүмкін. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Мәжіліс кулуарында айтты.

ІІМ орынбасары әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігіне арналған жаңа заңды іске асыру үшін үлкен дайындық жұмысы жүргізілуі тиіс деп есептейді. Бұл үшін Ішкі істер органдарындағы қызметкерлер де қайта даярлаудан өтеді. Игорь Лепеха жәбірленушіні арыз жазудан бас тартуға үгіттеген полицейлер де жазадан құтылмайтынын мәлімдеді.

«Үгіттеу бойынша барлық фактіні тексереміз. Егер ондай жағдайлар орын алса, хабарлаңыздар. Ондай әрекетке жол берген қызметкерлерді жауапқа тартамыз. Бұдан бөлек жауап қайтару тетігін де қарастыру қажет. Осыған дейін мұның бәрі Әкімшілік кодексте болатын. Енді Қылмыстық іс жүргізу кодексі шеңберінде осы жұмыстың бәрі қиындады. Заң күшіне енгенге дейін дайын болу үшін қазір бізге ауқымды жұмыс жүргізіп, қызметкерлерді дайындау керек», — деді Игорь Лепеха.

Игорь Лепеха журналистердің құқық қорғау органдары қатарына әйелдерді жұмысқа алу жоспарда бар ма деген сауалына жауап берді.

«Президент отбасындағы зорлық-зомбылық профилактикасымен айналысатын әйел қызметкерлердің санын көбейтуді тапсырғаны белгілі. Қазір Қазақстан бойынша штат санын 750 бірлікке көбейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бүгінде қыздарға, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық істерінде әйел тергеушілер маманданған. Сұрақ-жауапты әйел жүргізуі тиіс. Бұл тәжірибені зерттедік. Әкімдер бізді қолдады. Үкіметте осы штат бірлігін қаржыландыру бойынша мәселе пысықталып жатыр», – деді ол.

Ведомство басшысының орынбасары мәлімдегендей, қазір елімізде 280 әйел полицей жұмыс істейді.

Айта кетейік мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңға қол қойған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі заңға қол қойған. Біріншісі – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы», екіншісі – «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңы.

Бұл заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.

Сондай-ақ оқыңыз