«Мафия және олигархтар»: Депутат Қазақстандағы су қоймаларының иелерін тексеруді талап етті
Еліміздегі ірі су қоймалары инвестиция салғысы келмейтін олигархтардың иелігіне өтіп кеткен. Осылай деп мәлімдеген Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек гидротехникалық құрылыс саласындағы жүйелі мәселелер мен ондағы заң бұзушылықтар туралы айтты. Ол прокурорлардан бұл нысандар мен олардың иелерін тексеруін талап етті.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Бақытжан Базарбек премьер-министр Олжас Бектенов пен Бас прокурор Берік Асыловтың атына сауал жолдады.
«Соңғы онжылдықта Doing Bussiness рейтингіндегі көрсеткіштерге және ШОБ-ты қолдауға ұмтыламыз деп адамдардың қауіпсіздігі мәселесін екінші орынға қойдық. Осылайша, су шаруашылығы мен оның кәсіпорындары, ірі су қоймаларындағы бөгеттерді нығайтуға және оның жағдайын жақсартуға инвестиция салғысы келмейтін жергілікті олигархтардың иелігіне оп-оңай өтіп кетті», – деді Базарбек.
Депутат бірнеше мемлекеттік кәсіпорындарды мысалға келтірді. Солардың бірі – «Үшқоңыр-ирригация». Оның айтуынша, кәсіпорынның лауазымды тұлғалары Іле және Қарасай аудандарындағы бес ірі су қоймасын Шахворостов деген азаматтың меншігіне өткізген. «Илиирригация» МКҚК, «Талғар-Ирригация» МКҚК-да да осыған ұқсас жағдай.
«Бұл кәсіпорындар мафия іспетті, олардың жұмысы ашық емес, оларды ешкім тексермейді, соның салдарынан су қоймалары, бөгеттер мен дамбалар қолдан-қолға ауысады. Бөгеттер мен дамбалардың сапасы туралы жыл сайынғы ақаулық актілері жасалмайды. Оларға кім қолдау білдіріп отыр? Кім қорғайды? Су секторында мафияның болуы кімге тиімді?», – деп сауал қойды депутат.
Сондай-ақ Базарбек СҚО-дағы Сергеев су қоймасы мен Алматы облысындағы Ақсай бөгеті сияқты тағы екі проблемалық нысандардың жай-күйін ашып айтты. Депутаттың айтуынша, Сергеев су қоймасының жанында жарылыс жұмыстары жүргізілетін тау-кенді игеру бойынша қауіпті карьер бар. Осыған қарамастан, бөгеттің жағдайын ешкім тексермеген. Алматы облысындағы Ақсай бөгетінің сапасы да күмән тудырады деп есептейді Базарбек. Құны 22 миллиард теңгені құрайтын оның құрылысы 2023 жылы сараптаманың жоқтығынан тоқтап қалған.
«Оған тапсырыс беруші «Қазселденқорғау» мекемесінің бастапқы жобаға өзгеріс енгізіп, бірақ оны мемлекеттік сараптамаға бермеуі себеп болған. Салдарынан 30 мың адамның өмірін сақтауға тиіс нысан тапсырыс берушінің салғырттығы салдарынан 2 жыл бойы тиісті сараптама мен рұқсатсыз салынды. Яғни бөгет сапасы күмәнді. Қылмыстық тергеу органы ТЖД мен «Қазселденқорғау» лауазымды тұлғаларының әрекетіне лайық баға береді деп үміттенеміз», – деп наразылық білдірді депутат.
Депутат сауалында көрсетілген фактілер бойынша прокурорлық тексеру жүргізуді сұрады. Сондай-ақ су қоймаларын, бөгеттер мен дамбаларды жобалауға, салуға және қамтамасыз етуге қолданыстағы стандарттар мен тәсілдерді өзгертуді ұсынды.
Айта кетейік, наурыз айында басталған су тасқынымен күресу әлі де жалғасып жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, су тасқыны басталғалы 116 мыңнан астам адам құтқарылып, қауіпсіз жерге көшірілді. 16 070 адам үйлеріне оралды. Эвакуациялық пунктерде 7183 адам болса, оның 3219-ы балалар. Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 5837 тұрғын үйді, 1353 аула аумақтарын және 3124 саяжайды су басқан.
Еске салсақ, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен прокуратура су тасқынына байланысты тергеу жұмыстарын бастағанын мәлімдеген еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Биғайдаров бұл мәселе «ерекше бақылауда» болады деп сендірді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бюджет қаражатының бөлінуі мен игерілуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізеді. Су тасқыны жағдайында нормативтік-құқықтық тексерулерге ерекше назар аударылады. Біз бұл мәселемен тікелей айналысып жатырмыз. Су тасқыны фактілері бойынша прокуратура тексеру жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Анықталған фактілер туралы қосымша хабарлайтын боламыз»,– деді.
Сондай-ақ көрші елдерге тәуелді болмас үшін Қазақстанда 20 жаңа су қоймасы салынатыны туралы хабарлаған едік. Елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оның тапшылығы мәселесін шешу үшін Су саласын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жобасы әзірленді. Жобаға сәйкес 2024-2026 жылдары 9 облыста көлемі 2,4 текше шақырым болатын 20 жаңа су қоймасының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 9 облыста көлемі 1,9 км3 қолданыстағы 15 су қоймасын күрделі жөндеу жұмыстары басталады.