Дихандар дәнді және майлы дақылдарды топырақтағы ылғалдан сақтандыра алады – Аграрлық несие корпорациясы
Қазақстанда дәнді және майлы дақылдарды топырақтағы ылғалдан сақтандыру шаралары жүргізіле бастайды. Бұл жайлы Аграрлық несие корпорациясы (АНК) хабарлаған.
Агроөнеркәсіптік кешендегі сақтандыру саласындағы оператордың хабарлауынша, Қазақстанда 2024 жылғы вегетация кезеңінде дәнді және майлы дақылдарды топырақтағы артық ылғалдан сақтандыруға өтінімдер қабылдау басталған.
Сонымен бірге Аграрлық несие корпорациясы биылғы жылы Индексті сақтандыру өнімін топырақтың артық ылғалдылығынан сақтандыру тарифі мен сақтандыру төлемінің мөлшеріне өзгеріс енгізіп, оны қорғау кезеңдерін бекіткен. Солайша өнім тарифі сақтандыру сомасының 3%-ын құрайды. Корпорация бекіткен талаптарға сәйкес сақтандырудың бірінші кезеңі 15 тамыздан 14 қыркүйекке дейінгі арылықты құрайды. Ал екінші кезең – 15 қыркүйектен 14 қазанға дейін созылады. Әрбір кезең бойынша төлем сақтандыру сомасының 10,5% көлемінде төленеді. Ең жоғары төлем сақтандыру сомасының 21%-ын құрайды.
«Сақтандыру шартын жасау кезінде фермер сақтандыру жарнасының 20%-ын төлеуі керек, қалған 80%-ын сақтандырушының өтініші бойынша субсидия түрінде АНК төлейді»,- делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын топырақтың артық ылғалдануынан сақтандыруға өтініштер 30 маусымға дейін қабылданады. Сақтандыруға өтінімді дихандар Kezekte.kz платформасында орналасқан «Агросақтандыру» онлайн сақтандыру ақпараттық жүйесі арқылы бере алады.
Еске сала кетсек, АШМ елдегі су тасқыны алдағы егіс жұмыстарына теріс әсер етпейтінін мәлімдеді. Ведомство мамандарының бағалауынша, топырақтағы ылғал қоры жеткілікті деңгейде. Бұған 2023 жылдың қыркүйегіндегі қатты жаңбыр мен қарлы қыс әсер еткен. Ал егер егіс алқаптарын су басқан болса, егін басқа жерге егіледі.