Су тасқынынан зардап шеккен аймақтардағы ұялы байланыс қалпына келтірілді ме? Операторлар халыққа қандай көмек көрсетті?
Су тасқыны салдарынан елдімекендерде ұялы байланыс қызметі нашарлады. Электр қуатының өшуіне байланысты кейбір базалық станциялар жұмыс істемей тұр. Мәселен, Ақтөбе, Қостанай, Атырау, Ақмола облыстарында ұялы байланыс инфрақұрылымдары су астында қалған. Қай өңірде байланыс қалпына келді? Операторлар халыққа қандай көмек көрсетті?
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің деректеріне сүйенсек, ұялы байланыс операторлары су тасқыны аймағында орналасқан абоненттердің тарифтік жоспарларына қосымша ресурстар қосты.
Су басқан аймақтарда қандай жұмыстар атқарылуда?
Beeline жұмыс істемейтін жабдықты ауыстыру, базалық станциялардың жұмысын реттеу үшін шалғай ауылдарға су арқылы жету, электр энергиясы жоқ аумақтарда дизельдік генераторлардың жұмысын ұйымдастыру, жабдықтарды судан қорғау үшін бөгеттер салу сынды жұмыстарды қолға алған.
«Телефон интернетке қосылуы немесе қоңырау шалуы үшін ұялы желі дұрыс жұмыс істеуі керек. Су тасқыны салдарынан оған қауіп төнді. Кейбір базалық станцияларды су басып қалды, кей жерлерде электр энергиясы сөнді. Аймақтағы ағынның күшті соққысына ғимараттар мен жолдар ғана емес, электр желілері мен ұялы байланыс станциялары да төтеп бере алмады», – деп хабарлады оператор.
Сондықтан жабдықтардың ақауы туралы дабыл түскен бойда оқиға орнына мамандар тобы жіберілген. Сонымен қатар жанармаймен тұрақты қамтамасыз ету ұйымдастырылған. Төтенше жағдайдың алғашқы күндерінен бастап Beeline су басқан елді мекендерден эвакуацияланған 40 мыңнан астам абонентті жалпы құны 160 миллион теңгеден астам (16 сәуірдегі жағдай бойынша) тегін дауыстық байланыс пен интернетпен қамтамасыз еткен. «Эвакуацияланған тұрғындардың саны артып келеді, ал сарапшылар жаңа апат аймақтары үшін қосымша «цифрлық көмек» пакеттерін дайындауда, – деп хабарлады компания. Алайда бұл пакеттерге не кіретіні белгісіз.
Тасқынынан зардап шеккен аймақтардың тұрғындарына тегін байланыс пен интернет ұсынылды
Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады. Республиканың бес облысындағы су тасқыны болып жатқан қалалар мен елді мекендердің тұрғындарына мобильді оператор 10 гигабайт интернет-трафик, кез келген оператордың желісіне 50 минуттық қоңырау, сонымен қатар 50 тегін SMS-хабарлама ұсынды.
«Атап айтқанда, бұл Ақмола облысындағы Көкшетау қаласы, осы аттас облыстағы Абай ауданы, бүкіл Батыс Қазақстан облысы, Ақтөбе облысының Әйтеке би, Қобда, Ойыл, Мұғалжар және Темір аудандары, сондай-ақ Ақтөбе қаласы, сондай-ақ Қостанай облысының Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандары қамтылды», – деп хабарлады «Кселл» АҚ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, су басқан өңірлерде Kcell/Activ қызметін пайдаланатын 600 мыңға жуық тұрғын бар.
Өзге операторлар елдің зардап шеккен аймақтарындағы абоненттерге қандай қолдау көрсетті?
Tele2/Altel баспасөз қызметінің ақпаратына сүйенсек, оператор тұрақты түрде өз абоненттеріне қолдау көрсетеді, төтенше жағдайлар қызметкерлеріне және басқа қызметтерге көмектеседі.
Бұл ретте «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін Tele2/Altel өз абоненттеріне бірнеше жеңілдік ұсынған.
«Оператор су тасқынынан зардап шеккен Орал, Қостанай және Ақтөбе облыстарының тұрғындарына көмек көрсеткен. Атап айтқанда Қазақстанның барлық операторларының абоненттерімен байланыс үшін 45 минуттық қоңырау мен 45 SMS, сондай-ақ 8 ГБ трафик ұсынды. Қосымша ресурстар жеті күн ішінде қолжетімді болады», – деп хабарлады компания.
Айта кетейік, қазіргі кезде Қазақстанда 5 брендті ұсынатын, 3 байланыс операторы: Beeline, Kcell/Activ, Tele2/ Altel жұмыс істейді.
Еске сала кетсек, ҚР Цифрлық даму министрлігі ұялы байланыс үздіксіз болуы үшін Су басқан өңірлер 48 Starlink терминалын жібергенін хабарлады. Оның ішінде Қостанай облысына 30 терминал, Ақтөбе облысына 3 терминал, БҚО-ға 3 терминал, Ұлытау облысына 1 кешен, Атырау облысына 6 терминал, ШҚО-ға 2, СҚО-ға 3 терминал жіберілген.