Түркістанда су қоймасын салуға республикалық бюджеттен 5 млрд теңге жұмсалады
Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысына республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлу көзделген. Бұл туралы «Курсивтің» ресми сауалына жауап берген Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді.
«Түркістан облысының Бәйдібек ауданында «Бәйдібек ата» су қоймасының құрылысы» жобасын іске асыруға 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 5 млрд теңге көзделген», – делінген министрлік жауабында.
Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге Түркістан облысының әкімдігі мен «МК Технострой сервис» ЖШС арасында келісімшарт жасалған.
2024-2030 жылдарға арналған «Су ресурстарын басқару» тұжырымдамасына сәйкес, 2,4 км3 су көлемін қамтамасыз ету үшін Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Жетісу, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында 20 су қоймасын салу көзделген.
Оның ішінде 2024 жылы Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында 5 су қоймасының жобасы әзірленуі тиіс. Әзірге жоғары да аталған «Бәйдібек ата» су қоймасының ғана жобасы әзір болып, құрылысы басталған. Өзге су қоймаларына қанша қаржы жұмсалатыны олардың жобасы дайын болған кезде ғана белгілі болады.
2025 жылы Ақмола, Жетісу, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында 4 су қоймасын, 2026 жылы Абай, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Батыс Қазақстан облыстарында 10 су қоймасын салу жоспарланған.
Айта кетейік, министрлік бұл қоймалардың барлығы мемлекеттік меншікте болатынын жазған. Яғни оларды жеке компаниялар жалға немесе сенімгерлік басқаруға да ала алмайды.
Ал қазіргі таңда жекеменшік басқаруда тұрған су қоймаларын жөндеу мен құрылыстарының тиісті техникалық жай-күйін, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жеке компаниялардың міндетіне жатады.
Қазақстандағы барлық су қоймасын жөндеу мен қайта жаңғыртуға шамамен 2-3 трлн теңге қажет. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан НұржігітовҮкімет отырысынан кейін болған брифингте мәлім еткен.
«Министрлік су шаруашылығы объектілері мен су қоймаларына инвентаризация жүргізді. Республика бойынша 4 мыңнан астам су қоймасы бар. Тұжырымдаманы іске асыру үшін енді жергілікті атқарушы органдармен кешенді жоспар құру керек. Бүгінгі күні әр жергілікті атқарушы органмен бекітілген кешенді жоспар бар. Соған сәйкес тек су қоймалары ғана емес ирригациялық жүйе, цифрландыру жұмыстарын жүргізу үшін шамамен 2-3 трлн теңге қажет», – деді министр.