Қазақстанда Тик-Ток желісі жабыла ма – Ақпарат министрі жауап берді

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Қазақстанда Тик-Ток желісіне шектеу енгізіле ме? / Коллаж: kursiv.media

Қазақстанда Тик-Ток әлеуметтік желісіне шектеу қойылуы мүмкін. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елімізде Тик-Ток платформасын бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді.

«(Tik-tok) бұғаттау мәселесінде көрші елдердің тәжірибесін қарап отырмыз. Шынымен де, қазіргі таңда әлеуметтік желідегі материалдарда құқық бұзушылық фактілер өте көбейіп кетті. Оның барлығы біздің ұлттық қауіпсіздігімізге ықпал етеді. Әлбетте, осындай шараларды қабылдауға болады», – деді Аида Балаева.   

Министр БАҚ өкілінің Tik-tok желісі елдімізде мүлдем жабыла ма деген сауалына жауап берді.  

«Бұл әлі шешілген дүние емес. Әлі қарастырылады және жалпы талқылауда қарастырылатын сұрақ», –деп жауап берді министр Мәжіліс кулуарында.  

Еске салайық бұған дейін Сенат отырысында депутат Алишер Сатыбалдиев Үкімет басшысына сауал жолдап, Tik-tok желісіне шектеу енгізуді сұрады. Айтуынша, бұл платформа балалардың тәрбиесіне теріс әсер етіп жатыр.

Сатыбалдиев Tiktok желісіне қатысты Батыс пен көрші елдерде шектеу шаралары енгізілгенін, бірақ Қазақстанның бұл мәселеге салғырт қарап отырғанын мәлімдеді. Күн санап жастардың бұл платформаға деген әуестігі артып келе жатқанын алға тартты. Сенатор желі қолданушылардың 75 пайызы 13-24 жас арасындағы жастар екенін атап өтті. Депутаттың айтуынша 4-5 жасар балалардың өзі күнделікті 75 минутын осы желіні тамашалаумен өткізеді екен.

Сондай-ақ Қазақстан үкіметі TikTok пен Meta-ға қосымшаларын пайдалануға қатысты жаңа талаптар қоятынын хабарлаған едік. Қазір еліміз Қазақстан TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибені зерттеп жатыр. Осы орайда үкіметте желіні ұлттық ерекшеліктерге сай бейімдеу мақсатында арнайы жұмыс кеңестері өткізіледі. Бұл жайлы депутаттардың сауалына берген жауабында Роман Скляр айтты.

«TikTok платформасын реттеу және пайдалану саласындағы халықаралық тәжірибе зерттелуде. Бірқатар батыс елдері оны пайдалануды бұғаттау немесе шектеу бойынша шаралар қабылдауда. Осыған байланысты интернет-ресурстар мен онлайн-платформалардың өкілдерімен бірлесіп, біздің ұлттық ерекшеліктеріміз бен қажеттіліктерімізді ескере отырып, оларды бейімдеу бойынша жұмыс кеңестерін өткізуде»,- дейді Роман Скляр.

Ол сонымен бірге осы наурыз айында TikTok және Meta өкілдерімен онлайн-кездесу жоспарланып отырғанын, онда онлайн платформаларда жалған ақпаратқа тыйым салу және орналастыру, сондай-ақ оларды жою бойынша онлайн-платформалардың иелеріне қойылатын жаңа талаптар талқыланатынын айтты.

Сондай-ақ оқыңыз