Қаржы мониторингі агенттігі гидротехника нысандарын күтіп-ұстауға бөлінген 1 млрд теңгенің жымқырылғанын анықтады
Қаржы мониторингі агенттігі гидротехникалық нысандарын күтіп-ұстауға бөлінген қаржыны тексеріп, 1 млрд теңге шығын келгенін анықтаған.
«Қаржылық мониторинг органдары Алматы қаласында, Ақтөбе, Қызылорда және Ұлытау облысында жымқыру белгілері бойынша төрт іс қозғады. 5 адам күдікті деп танылды. Залалдың жалпы сомасы 1 млрд теңгеден асты», – делінген хабарламада.
ҚМА төрағасы Дмитрий Малахов тасқын салдарын жоюға бөлінген қаржыны мақсатты пайдалану мен көмек зардап шеккен барлық азаматқа нақты жетуін қамтамасыз етуді тапсырды. Одан бөлек жергілікті әкімдіктер мен құзырлы мекемелер азық-түліктің қымбаттамауын қадағалайтын болады.
«Агенттіктің аумақтық департаменттерінің басшылары мемлекеттік органдар мен шаруашылық субъектілерінің қызметіне араласпай, бөгеттер, су бұру объектілерін салу, сондай-ақ өзен арналарын тереңдету үшін ақшаны ұтымды пайдалануды зерделеуі қажет», – деді Малахов.
Наурыз айынан бері Қазақстанның 10 облысын су басып жатыр. Су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болып, үй-жайынан айырылғандардың саны 100 мыңнан асты. Қазіргі кезде 24,4 мың адам өз үйлеріне оралса, 8,8 мыңы эвакуациялық пунктерде.
Өңірлерді су басуына орай халықтан кешірім сұраған Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін министрлер мен әкімдерге қатаң сөгіс жариялаған. Сонымен қатар Қазақстан халқына үндеуінде «Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат» деді.
Су тасқыны салдарын жоюға Үкімет, квазимемлекеттік компаниялар, кәсіпкерлер, қоғамдық қорлар 150 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.