Тасқын судан зардап шеккендерге қосымша 550 мың теңгеге дейін көмек беріледі – Бектенов

Жарияланды
қосымша 150 АЕК
Тасқын судан зардап шеккен әрбір азаматқа бірінші кезектегі қажеттілігін өтеу үшін қосымша 150 АЕК-ке дейін көмек беріледі / Фото: Үкімет үйі

Су тасқынынан зардап шеккен әр отбасыға бір реттік төлемнен бөлек қосымша 150 АЕК-ке дейін қаражат бөлінеді. Бұл жайлы Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов айтты.

Ол өңірлердегі жағдай біртіндеп тұрақталып келе жатқанын, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында қауіптің беті қайтқанын мәлімдеді. Ал жағдай аса күрделі болған Петропавл және Құлсары қалаларында су тартыла бастаған.

«Өткен аптада залалды өтеу жұмыстары басталып кетті. Зардап шеккендерге келтірілген шығындарды өтеу тәртібіне түзетулер бекітілді. Кеше мен тиісті қаулыға қол қойдым. Қазіргі уақытта 11 мыңға жуық отбасы 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем алды. Бұл – үлкен жұмыстың басы ғана. Оған қосымша тағы 150 айлық есептік көрсеткішке дейін төлейтін боламыз», – деді премьер-министр.

Бұл қаражатқа азаматтар тоңазытқыш, үстел, орындықтар, ыдыс-аяқ, киім-кешек сияқты жоғалған бірінші кезектегі қажетті заттарды сатып ала алады. Сонымен бірге Бектенов кәсіпкерлердің де шығыны өтелетінін айтты.

«Азаматтарға айтатыным, сабыр сақтаңыздар. Ешкім де көмексіз қалмайды. Бұл мәселелердің барлығы Президенттің және менің жеке бақылауымда. Сондықтан біз осы сынақтан абыроймен өтеміз деп ойлаймын. Дегенмен кейбір өңірлерде тасқын қаупі әлі сейілген жоқ. Өзендерде су деңгейінің көтерілу фактілері тіркелуде», – деді премьер-министр.

Елдегі су тасқынына қатысты жағдайды реттеу үшін әрбір жауапты органға бірқатар тапсырма берді. Бірінші кезекте Төтенше жағдайлар министрлігі әкімдіктермен бірге су тасқынына байланысты жағдайға бақылауды күшейтуі тиіс. Бірінші адамдардың амандығын ескеру керек екенін айтқан Бектенов құтқарушыларға шұғыл әрекет етіп, халықты көшіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

«Қайталап айтамын, керек болса, мәжбүрлі түрде полициямен барып көшіру қажет. Ешкім де қалып қоймасын», – деді Бектенов.

Сонымен бірге Экология министрлігіне су объектілері мен өзендерде гидробекеттер санын ұлғайтуды тапсырды. Ал өңір әкімдіктері су басқан үйлерді, ғимараттар мен нысандарды тез арада техникалық тексеруді аяқтауы қажет. Сонымен жергілікті атқарушы органдарға су кеткен жерлерде көпке созбай, тасқыннан кейінгі тазарту, дезинфекциялау және қалпына келтіру жұмыстарын бастау тапсырылды.

Еске сала кетсек, Үкімет табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген зиянды өтеу қағидаларын бекітті. Оған сәйкес, шығынға ұшыраған азаматтар ТЖ туындаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде жергілікті атқарушы органға яғни әкімдікке материалдық залалды өтеу туралы өтініш беруі керек. Материалдық залалды өтеу туралы өтініш әкімдікке құжаттар келіп түскен күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде қаралады. 

Сонымен бірге Ұлттық экономика министрлігі 2024 жылғы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығынға өтемақы төлеу қағидаларын әзірледі.

Мүліктік шығынға өтемақы төлеу Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сақтандырылған мүлікті қоспағанда, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне тиесілі жойылған мүліктің құнын немесе бүлінген мүлікті қалпына келтіру жұмыстарының құнын өтеу жолымен жүргізіледі. 

Сондай-ақ оқыңыз