Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 30 күнге дейін ақысыз еңбек демалысын ала алады

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 30 күнге дейін ақысыз еңбек демалысын ала алады / shutterstock

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары 16 маусымнан бастап 30 күнге дейін ақысыз еңбек демалысына шыға алады.

Еңбек кодексінің «Әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бөлігіне енгізілген түзетулерге сәйкес, жұмыс берушілер тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен қызметкерге ақысыз демалыс беруге міндетті.

«Жұмыс беруші тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда болған кезеңде жалақысы сақталмайтын, бірақ күнтізбелік отыз күннен аспайтын демалыс беруге міндетті», – делінген түзетуде.

Жалақысы сақталмайтын демалысты қызметкер ұзақтығын көрсете отырып, жазбаша хабарлама арқылы ала алады. Басты шарт арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету туралы анықтаманың көшірмесі болуы керек.

Сондай-ақ кодекске ұжымдық шарттың мазмұны мен құрылымына қатысты толықтыру енгізілді.

Яғни үш жасқа дейінгі баласы (балалары) бар ата-аналарға және өзге де заңды өкілдерге, сондай-ақ медициналық қорытындыға сәйкес отбасының науқас мүшесін күтуді жүзеге асыратын қызметкерлерге кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы жұмыс берушінің міндеттемелері енгізілуі мүмкін.

Түзетулер 2024 жылғы 16 маусымнан бастап қолданысқа енгізіледі.

2024 жылдың 15 сәуірінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату» туралы заңға қол қойды. Бұл заң мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату жөніндегі тапсырмасы негізінде әзірленген.

Сондай-ақ оқыңыз