Қазақстанда көмірсутектерді геологиялық барлауға 7,4 трлн теңге инвестиция салынды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
30 көмірсутегі кен орны геологиялық барлау кезеңінен өндіру кезеңіне ауыстырылды /Архив: kursiv.media

Көмірсутектерді барлауға және өндіруге арналған келісімшарттар бойынша 2023 жылғы инвестициялардың жалпы сомасы 7,4 трлн теңгені құрады. Оның ішінде 152,4 млрд теңге барлауға жұмсалды. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов айтты.

«2022 жылмен салыстырғанда барлау шығындары 11,9% – ға өсті. 2022 жылы 135,7 млрд теңге жұмсалған», – деп жазылған хабарламада.

Министрліктің ақпаратынша, 2023 жылы 30 көмірсутегі кен орны барлау кезеңінен өндіру кезеңіне ауыстырылды.

«2023 жылы көмірсутектердің 30 кен орны барлау кезеңінен өндіру кезеңіне көшті. Мұнай бойынша осындай кен орындарында алынатын қорлардың өсімі – 115,4 млн тонна, газ – 25,5 млрд текше метрді құрады», – деп жазылған хабарламада.

Бұл кен орындарында өнеркәсіптік өндіру оларды жайластырғаннан кейін 3 жыл ішінде басталады Мәселен, мұнай бойынша: Шығыс Ақжар – 51,4 млн тонна, Құл-Бас – 17,3 млн тонна, Солтүстік Майбұлақ – 5,9 млн тонна, Бестөбе – 5,0 млн тонна. Ал газ бойынша: Құбасай – 6,6 млрд текше метр, Айрақты – 5,9 млрд текше метр.

«Жер қойнауын пайдаланушылар кен орындарын жете барлау бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде Өзен кен орнының геологиялық мұнай қорының өсуі 88,5 млн тоннаны («Өзенмұнайгаз» АҚ), Қаламқас кен орнының – 18,5 млн тоннаны («Маңғыстаумұнайгаз» АҚ), Қаражанбас кен орнының – 9,8 млн тоннаны («Қаражанбасмұнай» АҚ), Асар кен орнының – 6,8 млн тоннаны («Маңғыстаумұнайгаз» АҚ) құрады», – деп хабарлады министрлік.

Еске сала кетсек, «Жеңіс» геологиялық барлау бағытындағы оффшорлық мұнай-газ жобасында көмірсутек қоры анықталмады. Сондықтан жоба тоқтатылған еді.

Сондай-ақ оқыңыз