Ақпарат министрі ведомствоның ProTenge бас редакторы Жәмила Маричеваға қатысты шағым түсірмегенін айтты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Ақпарат министрі ведомствоның ProTenge бас редакторы Жәмила Маричеваға қатысты шағым түсірмегенін айтты / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Мақсотова

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева ProTenge Telegram-арнасының бас редакторы Жәмила Маричева мен журналист Асхат Ниязовқа қатысты іс туралы түсініктеме берді.

Оның айтуынша, Ақпарат министрлігі Жәмила Маричеваға қатысты шағым түсірмеген.

«Мәдениет және ақпарат министрлігі өз құзыреті шегінде медиа-кеңістікте мониторинг жүргізу барысында «ProTenge» телеграм-арнасында ақпарат таралу фактісін анықтады (оны А.Ниязов репост жасаған). Алайда кейін оны мемлекеттік органдар теріске шығарды. Бұл материал дәйексіз деп танылуы мүмкін басқа материалдармен бірге бағалау және тиісті әрекет ету үшін ішкі істер органдарына жіберілді», – делінген министрдің Facebook-тегі жазбасында.

Ол жалған ақпарат таратуға байланысты фактілер бойынша одан әрі құқықтық баға беру, тиісті шаралар қабылдау ішкі істер органдарының құзыретіне жататынын айтып, іс материалдары әкімшілік сотқа жіберілгенін атап өтті. Министрліктің полиция қызметкерлерінің әрекетін бағалауға құқығы жоқ екенін ескертті.

«Бұл «МАМ берген талаптар» деп хабарлау дұрыс емес, мұндай мәлімдемелер шындыққа жанаспайды. Жалпы министрлік бұқаралық ақпарат құралдарының құқының бұзылуына жол бермеу ұстанымын ұдайы ұстанады. Сондай-ақ журналистерді Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзбаған жағдайда әрдайым қорғауға дайын», – деп жазды Балаева.

Алматы полициясы ProTenge басылымының негізін қалаушы Жәмила Маричеваны оқыстан әкімшілік хаттамаға қол қоюға шақырды. Бұл жөнінде Жәмиланың өзі фейсбук парақшасында жазба жариялады.

«Күн сайын жүгіремін. Бүгін де жүгіру үшін шығып едім. Үш шақырымнан соң, мені біреу қуып жетті. Участковый екен! Ентігіп келіп, әкімшілік хаттамамен танысу керектігін айтқан соң, қызметтік көлікке мінуді талап етті. Олардың сыпайы қарым-қатынасы мен қызмет әдебі мені таңқалдырды. Бұрын маған әкімшілік айыппұлдар салынбаған еді. Әрқашан осылай болатын ба еді?», – дей келе полиция оны босатқанын, мән-жайды кейін түсіндіретінін жазған.

Журналист Асхат Ниязов ҚР СІМ-нің «Азаттық» радиосының кейбір журналистерін аккредиттеуден бас тартқаны туралы ақпаратпен бөліскені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Оған ҚР ӘҚБтК-нің «жала жабу» бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

«Қаңтар айының соңында ProTenge «Азаттық» аккредитация ала алмады деп жазды. Мен оны telegram арнамда бөлістім. Міне осы үшін (хаттама толтырылды -ред.) Бірақ ProTenge-ге бір рет те хабарласпаған», – деді Асхат Ниязов.

2024 жылдың қаңтар айында қазақстандық журналист және «Обожаю» YouTube-арнасының авторы Асхат Ниязов өзінің WhatsApp аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді. Бұған қоса, оның әйелі, ата-анасы мен әріптесі Назымгүл Күміспаевға да хакерлік шабуыл жасалған.

Былтыр  Kursiv.Media, ProTenge, Inbusiness.kz, КазТАГ ақпарат құралдары кибершабуалға ұшырады

Сондай-ақ оқыңыз