Ресейлік «СИБУР» компаниясымен жұмыс істеу Қазақстанға қауіп төндірмейді – Энергетика министрлігі
Қазақстанда қолға алынған полипропилен және полиэтилен жобаларына ресейлік «СИБУР» холдингі ат салыспақ. Компания қандай қызмет бағыттарына жауап береді? Таяу жылдары қазақстандық полипропиленнің Еуропаға экспорты арта ма? Акционерлерге қарсы санкцияларға байланысты қазақстандық тарап үшін қауіп-қатер бар ма? Бұл сұрақтарға Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов жауап берді.
«Полипропилен – әлемдегі екінші сұранысқа ие пластик. Полипропиленді тұтынудың өсуі жыл сайын орта есеппен 3-4%-ды құрайды. 2023 жылы Еуропаға 30 мың тонна қазақстандық полипропилен экспортталды, бұл көлемді болашақта 100 мың тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда. Ал «Сибур Холдинг» ЖАҚ санкциялар тізіміне енгізілмеген, тиісінше біз полипропиленді Еуропаға сату тәуекелдерін көрмейміз», – деді вице-министр.
Оның айтуынша, полипропиленді тұтыну тұрақты өсіп келеді. KPI зауытының өнімдері, соның ішінде Ресей Федерациясында өндірістің барына қарамастан, еуропалық нарықта сұранысқа ие.
Айта кететіні, полиэтилен әлемдегі ең көп сұранысқа ие пластик болып табылады. Ол барлық полимерлердің 32%-ын құрайды. Полиэтилен жобасы әлемдік тұтынудың 1%-ын өндіреді.
Еске сала кетсек, Қазақстан, Ресей, Қытай бірлесіп Атырау облысында полиэтилен өндіретін зауыт салады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев, «СИБУР» ЖШҚ Басқарма төрағасы және бас директоры Михаил Карисалов, China Petrochemical Corporation Президенті Чжао Донгтің Астанадағы кездесуінде белгілі болды.
Үш компания талқылаған жоба бойынша Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіруге қауқарлы зауыт салынады. Кәсіпорын Қарабатандағы арнайы экономикалық аймақтың аумағында Теңіз кен орнына жақын орналасады.
«Ортақ күш-жігеріміздің арқасында Қазақстанда ең ауқымды газ-химия жобасын табысты іске асыратынымызға сенімдімін. Бұл жоба ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие, сондай-ақ «ҚазМұнайГаздың» ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарына жауап береді», — деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.
Айта кетейік, ҚМГ, СИБУР және Sinopec полиэтилен өндіру жөніндегі жобаға қатысу үлесін сатып алу-сату шарттарына былтыр 17 қазанда Бейжің қаласында Қазақстан Президенті қатысқан жиында қол қойған.
Ресейлік «СИБУР Холдинг» — полимерлер мен резеңке өндіретін ірі мұнай-газ химия холдингі.