«Қаржы бөлінді, бірақ өнім жоқ» – мәжілісмен «Даму» қорынан ақша алатын компанияларды атады
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында депутат Нұртай Сабильянов кейбір қазақстандық компаниялар мемлекеттен қаржы алса да, жұмыс істей алмай отырғанын айтты. Сол себепті кәсіпкерлікті дамыту қорлары арқылы қаржыландыру саясатын қайта қарауды ұсынды.
Нұртай Сабильяновтың сөзінше, мемлекеттің қолдауына ие болғысы келетін отандық кәсіпкерлік субъектілері, бұрынғыша, түрлі органдардың табалдырықтарын тоздырып, жеке-жеке жүгініп жатыр. «Уәкілетті орган заңнамадағы бұл нормаларды да жүзеге асыруда осалдық танытып отыр», – деді мәжілісмен. Депутат 2023 жылы өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 587 млрд теңге сомасына 163 жаңа жоба іске асырылғаны туралы мәлімет келтірді. Алайда олар әлі толық жұмыс істемеген.
«Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті өнеркәсіп саласындағы 7 Ұлттық даму институтына («Қазиндастри», Өнеркәсіпті дамыту қоры, Қазақстанның Даму Банкі, «Қазтрейд», «Қазақэкспорт», «Даму», «Қазақстан Инвестмент») жобалардың тиімділігі, саны және бөлінген қаражат, бюджетке төленген салықтар, жобаларды іске асырудың шарттары мен мерзімдері, шығарылған өнімнің көлемі мен тауарлардың түрлері, жаңадан ашылған жұмыс орындарының саны туралы ақпарат беру туралы сауал жолдаған еді. Берілген жауаптар талдау мен тиімділіктің төмен екенін көрсетіп отыр», – деп толықтырды депутат.
Депутат атап өткендей, «Даму» қоры шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің банкілерден алатын несиелерінің пайыздарын төмендетуге субсидия берумен айналысады. Бұл мақсаттарға соңғы 3 жылда 1 трлн 461 млрд теңге, оның ішінде жеңілдетілген несиелеуге – 328,4 млрд, кепілдендіруге – 559,5 млрд, субсидиялауға – 573,6 млрд теңге қарастырылған. «Ал «QazIndustry қаржыландырылған жобалардың тиімділігі бойынша ақпаратты бермеген. Тек 305 жобаны қаржыландыруға 1 трлн 713 млрд теңгені жұмсалғанын көрсеткен. Салықтар, жобаларды пайдалануға беру мерзімі, шығарылған өнім көлемі, құрылған жұмыс орындарының саны бойынша ақпарат көрсетілмеген.
«Сондай-ақ алынған деректерге сәйкес, 2021, 2022, 2023 жылдары 5 даму институты құны 7 трлн теңгені құрайтын (2021 ж. – 2,9 трлн, 2022 ж. – 1,4 трлн, 2023 ж. – 2,6 трлн), оның ішінде республикалық бюджеттен 1,5 трлн теңгеден асатын (2021 ж. – 520 млрд, 2022 ж. – 720 млрд, 2023 ж. – 506 млрд) 1573 жоба жүзеге асқанын көрсеткен»,- деді ол.
Бюджет қаржысының қомақты бөлігіне қандай компаниялар ие?
Депутаттың айтуынша, бұл бюджет қаражатының қомақты бөлігіне көбіне ірі компаниялар («Масло-Дел» ЖШС, «Казцинк» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «АгромашХолдинг» АҚ, «KamaTyresKZ» ЖШС, «KamlitKZ» ЖШС, «HyundaiTrans Kazakhstan» ЖШС, «Баян Сұлу» АҚ, «Asia Trafo» ЖШС) ие болады. Оған қоса, бұл компаниялардың басым бөлігі бірнеше жыл ішінде мемлекеттік қолдауды бірден бірнеше даму институттарынан алып келген.
«KamLitKZ ЖШС соңғы үш жылда тек «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» 141,5 млрд теңге алған. Алайда шығарған өнім көлемі туралы ақпарат жоқ. Сол сияқты бұрыннан бері жасап келе жатқан «KamaTyresKZ» ЖШС (Кама Тайрс – шиналар шығару) «Өнеркәсіпті дамыту қорынан» 65,7 млрд алса да, шығарылған өнімнің нақты көлемі туралы ақпараты жоқ. «Маслодел» ЖШС 2021-2023 жылдары әртүрлі қаржы көздерінен («Өнеркәсіпті дамыту қоры» (2021 ж. – 2,5 млрд., 2022 ж. – 547,7 млн.), «Даму банкі» (2021 ж. – 13,3 млрд., 2022 ж. – 3,7 млрд., 2023 ж. – 6,7 млрд.), «Қазақэкспорт» (2021 ж. – 4,2 млрд., 2023 ж. – 5,0 млрд) 36 млрд теңге алды. Оның ішінде «Қазақэкспорттан» 2021 жылы алынған 4,2 млрд теңге қазандық жабдығын сатып алуға бағытталды, ол осы уақытқа дейін Қазақстанға да келген жоқ», – деп мәлімдеді Нұртай Сабильянов.
Депутат машина жасау саласына да үлкен қаражат бөлініп жатқанын атап өтті. Соңғы үш жылда бұл бағытқа әртүрлі қаражат көздерінен (Даму Банкі, Өнеркәсіптік даму қоры,Қазақэкспорт.) республикалық бюджеттің 285 млрд теңгесі бөлінген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша ұсақ тораптық тәсілмен (мелкоузловая сборка) тек 13 мың автомобиль шығарылған. Бұл 2023 жылғы шығарылымның жалпы көлемінің 9,7%-ы ғана. 2027 жылға қарай бұл көрсеткішті 64%-ға дейін жеткізу жоспарлануда. Депутат мұндай мемлекеттік қолдау кезінде тиімділік әлдеқайда жоғары болуы керек деп есептейді.
«Осыған байланысты, жаңа жобалар мен бастамаларға жыл сайын қаражат бөлудің орындылығы туралы мәселе туындап отыр. Алдымен бар жобаларды іске қосып, нақты нәтижелерін, тиімділігін көрейік. Содан кейін ғана жаңа жобаларды қаржыландыруды жалғастыру керек деп санаймын. Сондықтан Үкімет даму институттарының әрқайсысы бойынша аудит жүргізіп, олардың қызметінің тиімділігі қарастыру қажет. Мемлекеттік бюджетті пайдаланудың тиімсіздігі үшін уәкілетті органдар мен даму институттарының лауазымды тұлғаларын жауапкершілікке тарту қажет», – деді депутат.
Мәжілісмен жылдық мөлшерлемесі 6-9% деңгейіндегі жеңілдетілген кредиттеу жүйесін құрмайынша, елімізде өнеркәсіп пен отандық өндірістің дамуы болмайды деп пайымдайды.
«Осыған байланысты Үкімет LIBOR (Лондон банкаралық ұсыныс ставкасы) принципі бойынша жұмыс істейтін өнеркәсіпке жеңілдетілген несие беру жүйесін құру керек. Ірі кәсіпорындарға ғана емес, шағын және орта бизнеске де қолдау көрсету арқылы Қазақстанның Даму Банкін реформалау керек есептейміз», – деп сөзін аяқтады депутат.
Айта кетейік, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» жарғылық капиталы қордың директорлар кеңесінің шешімімен 12,4 млрд теңгеге ұлғайтылады. Осылайша оның жарғылық капиталы 301,8 млрд теңгені құрайды.
Тиісті шешімді АҚ директорлар кеңесі 10 сәуірде қабылдаған. Бұл туралы Қазақстан қор биржасында жарияланған құжатта жазылған.
«Директорлар кеңесі әрқайсысының құны 2 миллион теңге болатын немесе жалпы сомасы 12,4 миллиард теңге болатын 6,2 мың қарапайым акцияны орналастыру туралы шешім қабылдады. «Өнеркәсіпті дамыту қоры» басқармасына директорлар кеңесі қабылдаған шешімді орындау бойынша шаралар қабылдау тапсырылды», – деп көрсетілген құжатта.