Қазақстан дамудың шикізаттық моделінен қалай бас тартады – Шарлапаев түсіндіріп берді

Жарияланды
Дамудың шикізаттық моделінен бас тарту үшін ішкі өңдеу өнеркәсібін дамыту керек / Фото: Аскар Ахметуллин

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Парламентте өткен үкімет сағатында дамудың шикізаттық моделінен бас тарту мүмкіндіктері жайлы айтты.

Министрдің айтуынша, өткен жылдың 12 айының көрсеткіші бойынша өңдеу өнеркәсібі тауарларының экспорты 25,3 млрд долларды құраған.

«Тұтастай алғанда, өнеркәсіптік саясаттың негізгі мақсаты ішкі өңдеуді ұлғайта отырып, дамудың шикізаттық моделінен бас тарту. Бұл мақсатқа инвестицияларды тарту, жобаларды іске асыру және жүйелі шараларды іске асыру есебінен жоспарлы түрде қол жеткізіледі», – дейді министр.

Сонымен бірге министр өңдеу өнеркәсібіндегі инвестициялардың мен өзге көлік құралдарын өндірудегі инвестициялардың 7 есеге артқанын айтты. Бұл көрсеткіштер киім өндіруде 5,6 есе, жиһаз өндіруде 4 есе, автомобильдер, тіркемелер және жартылай тіркемелер өндірісінде 3,5 есеге ұлғайған.

«Жалпы, өңдеу саласы өнімдерінің өндірісі оң динамиканы көрсетеді. 2023 жылы өндіріс көлемі 21,6 трлн теңгені құрады», – дейді министр.

Министрдің мәліметіне сенсек, елдегі жалпы өндіріс көлемі 4,1%-ға артқан. Мәселен, 2021 жылы көрсеткіштер 17,1 трлн теңге болса, 2022 жылы 20,7 трлн теңгені құраған. Соңғы екі жылдағы көрсеткіштер айтарлықтай өскен.

Өңдеу өнеркәсібі өндірісінің өсуі мына секторлардағы өндірістің өсуі есебінен қамтамасыз етілген:

  • ағаш өңдеу секторында 38%-ға;
  • машина жасауда 25,4%-ға;
  • жеңіл өнеркәсіпте 12,2%-ға;
  • құрылыс индустриясында 6,1%-ға. 

Шарлапаев сонымен бірге тау-кен өндірісіне де тоқталды. Айтуынша, 2019 жылы ЖІӨ – дегі тау-кен өндіру өнеркәсібінің үлесі 14,5%, өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11,4%-ды құраған. Ал 2023 жылдың қорытындысы бойынша тау-кен өндіру өнеркәсібі 12,9%, ал өңдеу 12,1%-ға көтерілген.

Ал негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылға қарағанда 11,2%-ға артып, 1,7 трлн теңгені құраған.

Еске сала кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2023 жылы Қазақстанда жеңіл және өңдеу өнеркәсібін дамытуға 50 млрд теңге бөлінгенін айтты. Премьер-министрдің айтуынша, бұл қаражат өңдеу өнеркәсібі жобалары үшін 9%-бен беріледі. Ал жеңіл өнеркәсіп жобалары үшін 3%-бен берілген.

Сондай-ақ оқыңыз