Прокуратура Бишімбаев ісі бойынша айыпталушы Бақытжан Байжановқа қатысты айыптаудағы бір баптан бас тартты
Прокуратура Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің 434-бабында көрсетілген әрекетті (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) жасады деген айыптаудан бас тартты. Бұл туралы Астана сотында 29 сәуірде өткен сот отырысында айтылды.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 29 сәуірдегі сот отырысында тараптардың жарыссөзі басталады деп жоспарланған еді.
Алайда жарыссөз алдында айыптау тарапы сотталушы Бақытжан Байжановқа қатысты сот тергеуін қайта бастауға қатысты өтінішхат жасады.
«Айыптау тарапы Байжановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау бойынша айыптаудан бас тартады», – деді прокурор Саяхат Нұрбеков.
Тараптар мемлекеттік айыптаушының өтінішхатына қарсылық білдірмеді, осылайша судья өтінішхатты қанағаттандырды.
Осылайша Байжановқа қатысты қылмыстық іс әрі қарай Қылмыстық кодекстің 432-бабында (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) көрсетілген айыптау бойынша қаралады.
Айта кетейік, бұған дейін Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған еді. Олар:
432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);
434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау).
Келесі сот отырысы 2024 жылдың 2 мамырында сағат 10:00-де басталады.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 432-бабында аса ауыр қылмысты күні бұрын уәделеспей жасырып қалу әрекетіне 6 000 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.