Әлемдік ахуал мұнай нарығына қалай әсер етеді?
Сірә, мұнай – әлемдік масштабта туындайтын кез келген тәуекелі тегеурінді оқиғаға аса сезімталдық танытатын ең танымал экспорттық шикізат. Таяу Шығыста соғыс өрті тұтанса да, Еуразияда жанжал басталса да, Латын Америкасы елдерінде ішкі бүлік пайда болса да, АҚШ пен Иран арасында қайсыбір жылғы дау қайта түтіндесе де, мұнай нарығының бүйірі солқ ете қалады. Көп жағдайда баға құлдырап кетеді. Қазір бір қарағанда ахуал тұрақты секілді, бірақ тәуекелдер толас таба қойған жоқ, кез келген уақытта баға ыршып кетуі, не құлдырап кетуі кәдік.
Сәуір айындағы мұнай нарығының жағдайы қандай болды
Экономиканы қолданбалы зерттеулер орталығының (AERC) сараптауынша, сәуір мұнай нарығы үшін тәуір болған жоқ. Бұған, әсіресе, Ресей тарапынан теңіз жолымен мұнай экспорттау көлемінің ұлғаюы және Таяу Шығыстағы қақтығыс қаттырақ әсер етті.
«Биыл наурыз айында орта есеппен Ресейден теңіз арқылы мұнай шығару 2023 жылдың наурызымен салыстырғанда 5 пайызға артып, тәулігіне 3,8 млн баррель деңгейіне жетті. Сол кезде бірқатар сарапшылар бұл жағдайды украиналық дрон соққылары салдарынан мұнай өңдеу зауыттарының істен шығып, соның салдарынан теңіз жолымен тасымалдауға тура келгендігімен байланыстырды. Соның өзінде Ресейдің теңізбен мұнай тасуы сәуірде де тыйылған жоқ. Айдың ортасында теңіз арқылы экспорт көлемі тәулігіне 3,95 млн баррельге жетіп, бір апта бұрынғымен салыстырғанда 560 мың баррельге көбейді», – деп хабарлады AERC.
Жалпы, бұл Bloomberg қазақстандық KEBCO сорты ретінде анықталған мұнайдың экспортын есептеулерден алып тастағанына қарамастан, 2023 жылдың мамыр айынан бастап тіркеліп отырған рекордтық көрсеткіш саналады.
«Ресей алдағы уақытта ОПЕК+бастамасын қолдау аясында мұнай экспортының көлемін қысқартамыз деп сендіреді. Уәде аясында Ресей биыл сәуір айында шикі мұнай экспортын өткен жылдың мамыр-маусым айларындағы орташа деңгеймен салыстырғанда тәулігіне 121 мың баррельге қысқартуы тиіс. Таяу Шығыстағы шиеленістер, әсіресе Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстың күшеюі мұнай нарықтарындағы тәуекелдерді қайта бағалауды қажет етеді. Иранның Израиль аумағына жасаған шабуылдары мұнай бағасының күрт өсуіне әкелуі мүмкін»,– деп мәлімдейді орталық сарапшылары.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) сәуір айындағы есебінде әлемдік мұнай тұтыну көрсеткішінің төмендеп кеткені айтылады. Оған себеп – дамыған елдердегі экономикалық әлсіз көрсеткіштер және баға қымбатшылығы. Сол себепті, ХЭА сәуір есебінде 2024 жылға арналған сұраныс болжамын тәулігіне 130 мың баррель деңгейінде белгілеген. Ал АҚШ Энергетикалық ақпарат басқармасы жаһан экономикасының біртіндеп қалпына келуі аясында тұтыну артады деп есептеп, болжамдарын жақсартқан.
«ОПЕК және ОПЕК+ елдері әлемдік мұнай сұранысын басқаруды маңызды рөл атқарады. 2024 жылы ОПЕК картельге кірмейтін елдер ұсынысының өсімі бойынша болжамды төмендетті. Бұл бағаны өндірушілер үшін қолайлы деңгейде ұстауға тырысқандықты аңғартады. Атап айтқанда, Ресей сұйық көмірсутектер өндірісін қысқартты, сонымен бірге Қытай мен Үндістанға ең ірі мұнай жеткізушісі болып қала берді. АҚШ болса өзінің стратегиялық мұнай резервін жаз маусымы алдында бензин бағасын тежеп ұстау мақсатында пайдалануды қарастырып отыр. Бұл шара Федералды Резерв Жүйесінің инфляцияны бақылау саясатымен қатар алғанда ел ішіндегі мұнай мен бензин бағасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін»,– дейді AERC.
Мұнай қиын факторлар ықпалында қалып отыр
Сарапшылардың айтуынша, әлемдік мұнай нарығы әлі де болса әртүрлі динамикалық және болжануы қиын факторлардың ықпалында қалуын жалғастырып отыр. Баға саясатына үш негізгі фактор әсер етеді. Олар:
- Сұраныс пен ұсыныстың өзгерісі;
- Ірі мұнай өндірушілерінің стратегиялық шешімдері;
- Халықаралық аренадағы саяси ахуал.
Жақын арада Brent маркалы мұнай бағасы шамамен 95 долларға дейін өсуі мүмкін.
Бұл ретте мұнай бағасы тек Таяу Шығыстағы қақтығыс есебінен емес, мұнайға деген әлемдік сұраныстың артуы себебінен де өседі деп айтылады болжамдарда. Соның ішінде, әсіресе, Қытай елінен туындайтын сұраныс мұнай нарығына елеулі әсер етеді. Қытай – экономикасы 2020 жылғы дағдарыстан кейін біртіндеп қалпына келіп жатқан, көмірсутегі шикізатын импорттайтын аса ірі тұтынушы.
2023 жылы Қытай үлесіне жаһандық сұраныстың төрттен бір бөлігі тиесілі болды немесе санға шаққанда тәулігіне өндірілетін 2,3 млн баррель мұнайдың 1,7 млн баррелі. Алайда Халықаралық энергетикалық агенттік болжамынша, биыл қытайлық сұраныстың өсімі былтырғыдан біршама төмен қалыптасады. Ол шамамен тәулігіне 540 мың баррелді құрауы мүмкін.
Мұнайға деген сұраныс қандай?
Жалпы, биыл бірінші тоқсанда мұнайға сұраныс тәулігіне 1,6 млн баррельге өскен. 2023 жылы сұраныс тәулігіне 2,25 млн баррельге көбейіп, 101,72 млн баррельге жеткен. Ал әлемдік мұнай ұсынысы тәулігіне 1,9 млн баррельге көбейіп, 102 млн баррельді құраған.
Бұл орайда ОПЕК+ альянсына енбейтін елдер өндірісті тәулігіне 2,3 млн баррельге арттырған. Оның үштен екісі АҚШ-қа тиесілі. Ал ОПЕК+ елдерінің жеткізілімі тәулігіне 390 мың баррельге төмендеп кеткен. Сауд Арабиясы мұнай өндірісін тәулігіне 900 мың баррельге қысқартып отыр.
Occidental Petroleum директоры Вики Холлубтың айтуынша, 2025 жылдан бастап мұнай тапшылығын сезіне бастауымыз мүмкін.
«Бұған ұзақ өндіру мерзімі бар мұнай кен орындарын барлаудың сұраныс өсуінен артта қалуы себеп болады. Өткен ғасырда мұнай компанияларында жаһандық сұраныспен салыстырғанда бес есе көп мұнай болды. Алайда соңғы он жылдық бедерінде бұл қатынас қатты төмендеді, енді әлемдік сұраныс қарқыны жаңа барланған мұнай қорлары көлемінен төрт есе асып түседі. Жақын перспективада нарықта сұраныс пен ұсыныстың теңсіздігі туындайды. 2025 жыл және одан әрі мұнай тапшылығы пайда болады»,– дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жақын арада мұнай көлемі кенерінен асып, артылып қалуы да мүмкін. Бірақ бұл – уақытша құбылыс. Одан әрі бізді тым күрделі тапшылық күтіп тұр дейді.
Жалпы, осыған ұқсас әңгімені түрлі форумдар мен конференцияларда арагідік бірқатар мамандар айтып қалып жүр. Мұнай компанияларының өкілдерінің сөзінше, қазіргі ұсыныс деңгейін сақтап қалу үшін жаңа ресурстар мен жаңа инвестициялар аса қажет. Өйткені мұнай кен орындарын іздеу мен барлау өте көп уақытты және қаражатты қажет қылады.