Бас прокуратура бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын растады
Бас прокуратура Бұрынғы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың ұсталғанын растады. Бұл туралы Бас прокуратураның хабарламасында жазылған.
«29 сәуірінде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (ҚК-нің 362-бабы 4-бөлігі) Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде, ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталды», – делінген хабарламада.
Қылмыстық істе мемлекеттік құпия болуына байланысты, сотқа дейінгі тергеп-тексеруге қатысты басқа дерек жарияланбаған.
29 сәуір кешке отандық БАҚ-та экс-министрдің Қаңтар оқиғасына байланысты ұсталғаны жайлы ақпарат тарады. Хабарламада арнайы прокурорлар мұндай шешімді Тұрғымбаевқа қатысты 2022 жылғы қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында шығарғаны» жазылған. Қантар оқиғасынан кейін Ерлан Тұрғымбаев Ішкі істер министрлігінің басшысы қызметінен босатылған болатын.
Наурызда қазіргі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов экс-министр Тұрғымбаевтың қылмыстық іс бойынша айыпталушыға айналғанын растаған. Бірақ құзырлы орган өкілі оны қандай баппен, қай ведомствомен тергеп жатқанын нақтыламаған.
Сот бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Самат Әбішті Қаңтар оқиғасына байланысты 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған.