«Отау» бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау аяқталды – «Отбасы Банк»
«Отбасы Банкке» 25 038 мың өтінім сәтті берілді. Өтінім қабылдау 2024 жылғы 1 наурыздан 30 сәуірге дейін жүзеге асты. 1 мамырдан 15 мамырға дейін өтінімдер сараланады.
«Осы кезеңде белгіленген критерийлерге сәйкес өтінімдерге ұпайлар беріледі.
Қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша жүргізіледі:
Салым бойынша сыйақы мөлшерінің көлемі – әрбір 1 000 теңге үшін 5 балл;
Депозит мерзімі – әрбір жыл үшін 5 балл (клиент бағдарламаға бірнеше депозитпен қатысқан жағдайда, жинақтау мерзімі ұзағырақ депозит ескеріледі);
Тіркелген некенің болуы – некеде тұру жылдарына қарамастан 10 балл», – делінген «Отбасы Банк» АҚ хабарламасында.
Бұған дейін тұрғын үйге жатпайтын жылжымайтын мүлкі, ортақ жекешелендірілген үйде үлесі бар немесе жер телімін иеленген азаматтар «Отау» бағдарламасы арқылы несие алуға өтініш бере алатыны белгілі болды.
«Отау» бағдарламасы 1 наурызда іске қосылды.
«Отау» бағдарламасының шарттары:
Алғашқы жарна – 20%-дан бастап;
Кредит бойынша мөлшерлеме – жылдық 9% (ЖТСМ 9,2% бастап).
Несие мерзімі – 19 жылға дейін.