Боранбаев мемлекетке қайтарған қонақүйді қандай компания басқаруға алды?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Қонақүйді кейін сатып алуға болады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Бизнесмен Қайрат Боранбаев мемлекетке қайтарған Comfort Hotel Astana қонақүйін қандай компанияның сенімгерлік басқаруға алғаны белгілі болды.

Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, төрт жұлдызды қонақүйді енді Invesco PowerShares Capital Management басқарады.

EGov жүйесінің мәліметіне сүйенсек, Invesco PowerShares Capital Management компаниясы 2021 жылы 26 қыркүйекте тіркелген. 2024 жылы 19 наурызда қайта тіркеуден өткен. Оның иесі әрі бірінші басқарушысы ретінде Әсел Нұрланқызы Мамыралиева көрсетілген. 

EGov

Алайда компания қызмет көрсету немесе қонақүйді басқару саласында емес, Экономикалық, бюджеттік және стратегиялық жоспарлау саласындағы пәнаралық зерттеулер жасаумен айналысады.

«Объектіні және берілетін мүліктің аумағын қонақүй бизнесін жүргізу мақсаты бойынша пайдалану міндетті. Бөлме сыйымдылығының жүктемесін қамтамасыз ету, іс-шараларды (конференциялар, банкеттер) тарту», – делінген еді қонақүйді кейін сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға алатын компанияға қойылған талапта.

Қонақүй электрондық сауда алаңындағы сауда-саттық нәтижесінде 3,9 млрд теңгеге сатылған. Тендердің шарттары бойынша тіпті жалғыз қатысушы сұраныс білдірсе де, оны сатуға рұқсат етіледі. Әлеуетті сатып алушының мерзімі өткен кредиторлық берешегі мен соттылығы болмауы керек деген шарт болған. Оның қонақүйлерді басқаруда кемінде 7 жыл тәжірибесі болуы керек еді. Сондай-ақ ол халықаралық сауда маркасымен қонақүй ашу үшін халықаралық қонақүй желісінен лицензия беру туралы алдын-ала келісімге ие болуы керек болатын.

Еске сала кетсек, миллиардер Қайрат Боранбаевтың мемлекетке қайтарған «Комфорт отель» қонақүйі мемлекеттік электрондық сауда алаңына 15 наурыз күні орналастырылған болатын. Аукцион құжаттарында нысанға тек бір адам ие бола алатыны және жаңа иесі қонақүйді, оған іргелес аумақты мақсатқа сай пайдалана алатыны жазылған. 

10 сәуірде Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы миллиардер Қайрат Боранбаев мемлекетке қайтарған қонақүйді толығымен сатуға дайын екенін «Курсивтің» ресми сауалына берген жауабында жазған.

Сондай-ақ оқыңыз