Бразилияда 80 жылдан бері болмаған су тасқыны жүріп, үш жүз мыңнан астам адам зардап шекті

Жарияланды
Бразилияда
Бразилияда болған су тасқынынан 39 адам қаза тапқан / Фото: REUTERS/Diego Vara, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Бразилияның оңтүстігіндегі Рио-Гранди-ду-Сул штатында болған су тасқыны салдарынан 39 адам қаза тауып, 68 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Бұл жайлы CNN Brasil басылымы хабарлады.

Рио-Гранде-ду-Сул штатында апта басынан бері толассыз жаңбыр жауған. Салдарынан Порт-Алегри штатында орналасқан Патус көлінің шлюздерінің бірі жарылып, қаланың солтүстігіндегі аудандарды су басу қаупі төнген.

Табиғи апаттан 260 муниципалиттегі 350 мыңнан астам адам зардап шегіп, 10 мыңнан астам адам баспанасыз қалған. Қазіргі таңда билік аталмыш өңірлердің тұрғындарын эвакуациялау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Рио-Гранде-ду-Сул губернаторы Эдуардо Лейте құтқарушылардың кейбір елдімекендерге әлі жете алмағанын айтқан.

Осыған байланысты губернатор су тасқынынан зардап шеккендер саны алдағы уақытта арта түсетінін айтып отыр.

Бүгінде іздеу-құтқару жұмыстары құрлықтан, теңізден және әуеден жүргізіліп жатыр. Апаттың ауқымдылығына байланысты штатта 180 күнге төтенше жағдай жарияланған. Сонымен бірге талай өзендердің бөгеттері жарылған. Мәселен, Антас өзеніндегі бөгет қатты ағынға төтеп бере алмай, опырылғаны хабарланған.

Бразилия геологиялық қызметінің мәліметінше, мұндай алапат су тасқыны 80 жылдан бері болмаған. Ал кейбір өзендердегі су деңгейі рекордтық көрсеткішке жеткен.

Еске сала кетейік, наурыз айының аяғынан бастап Қазақстанның бірталай өңірін су басты. Бұл өңірлерден тұрғындар эвакуацияланып, қауіпсіз жерге көшірілді.

Сол тұста шұғыл кеңес өткізген президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккендерден кешірім сұрады. Тоқаев су тасқынына қарсы уақытында шара қабылдамағаны үшін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, министр Нұржан Нұржігітовке қатаң сөгіс, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне қатаң сөгіс және қызметтік міндеттеріне толық сай келмеуіне байланысты ескерту берді. Ал Атырау, Ақмола, Алматы, Павлодар және Абай облыстарының әкімдеріне де қатаң сөгіс жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз