Қазақстандықтардың жеке дерегін таратып жіберген микроқаржы ұйымы таза пайдасын 50 пайызға арттырған
Қазақстандықтардың жеке дерегін таратып жіберген «Робокэш.кз» («Займер» деген атпен жедел ақша береді) микроқаржы ұйымы 2023 жылы таза пайдасы 1,5 есе өскен. Компания 2022 жылы 8,4 млрд теңге таза пайда тапса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 12,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл компанияға шетелдік азаматтар иелік етеді.
Микроқаржы ұйымының қаржы есебі бойынша, 1 жылда компанияның меншікті капиталы мен жиынтық активтері де өскен.
МҚҰ-ның меншікті капиталы бір жылда екі еседен артық өскен. 2022 жылы 10,2 млрд теңгеге тең болса, 2023 жыл қорытындысында 22,9 млрд теңгеге жеткен. Жиынтық активтері 18,5 млрд теңгеден 27,2 млрд теңгеге дейін өскен.
Есесіне микроқаржы ұйымының міндеттемелері екі еседей қысқарған. 2022 жыл нәтижесінде жиынтық міндеттемелері 8,2 млрд теңгені құраса, 2023 жылды 4,2 млрд теңгемен аяқтаған.
«Робокэш.кз» МҚҰ 2020 жылы құрылған. 100 пайыз акциясы ROBOCASH.PTE LTD компаниясына тиесілі. Түпкілікті иелері – Түркия азаматы Сергей Седов пен Франция азаматы Валин Пол Жак Тиерри.
5 наурызда Мемлекеттік техникалық қызмет Zaimer.kz 2 миллионнан астам клиентінің жеке дерегін таратқанын хабарлады.
Осы факт бойынша дерекқор операторларына қатысты жоспардан тыс тексеріс өткен. Содан кейін микроқаржы ұйымына 2 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.
Ізін ала Цифрлық даму министрлігі жеке дерегі таралып кеткен азаматтарды «Робокэш.кз» ұйымынан моральдық шығын өтеп алу үшін сотқа жүгінуге шақырды. Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне азаматтардан 5200-ден астам өтініш келіп түскен. Соның арасында микроқаржы ұйымынан моральдық шығын өндіру туралы да өтініш болған.