Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құрылады
Мемлекет басшысы «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» жарлыққа қол қойды.
Аkorda.kz хабарлауынша, аталған жарлық Президенттің биыл 7 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау шеңберінде әзірленді. Соған сәйкес бәсекелестікті дамыту, экономикаға мемлекеттің араласуын қысқарту, бизнес шығындарын азайтуға көңіл бөлінеді.
Біріншіден, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің жанынан жекешелендіру жөніндегі ұлттық офис құру көзделген. Ұлттық офис жекешелендіруге жататын мемлекеттік активтердің критерийлерін дайындайды және олардың тізбесін қалыптастырады.
Екіншіден, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ мен оның еншілес компанияларында корпоративтік басқарудың дербестігі мен сапасын арттыру көзделген. Сондай-ақ олар жүзеге асыратын сатып алу процестерін жетілдіру жөніндегі шаралар қарастырылған.
Үшіншіден, тауарлар нарығындағы бәсекелестікті дамыту үшін бірқатар нақты шараны іске асыру көзделіп отыр.
Төртіншіден, бизнес ашу және жүргізу үшін реттеу саясатын одан әрі жетілдіру және рәсімдерді ырықтандыру шаралары ұсынылады. Осылайша, тұтынушылар үшін квазимемлекеттік ұйымдардың коммерциялық қызметтері оңтайландырылмақ. Оған қоса техникалық шарттарды алу және инженерлік желілерге қосылу рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру (цифрландыру) ісі қолға алынады..
Қазақстандық стандарттар бойынша міндетті түрде ЖСҚ әзірлемей, объектілерді салу үшін озық халықаралық стандарттарға сай келетін жобаларды пайдалануға мүмкіндік беру тапсырылады.
Бесіншіден, жарлық бойынша бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге басымдық беріледі. Соның ішінде экономикалық қызмет саласындағы қылмыстық құқық бұзушылықтарды қылмыс санатынан алып тастау, мемлекеттік органдар бастамашылық ететін тыйым салу-шектеу шараларын прокурорлармен келісу қарастырылған. Басқа да рәсімдер арқылы күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешені жеке блок ретінде берілген.
Бұл шаралар экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесін ауқымды және жедел түрде қысқартуға, жеке кәсіпкерлік үшін экономикалық кеңістікті ұлғайтуға қосымша серпін береді.