Путин 12 жыл қорғаныс министрі болған Сергей Шойгуды қызметінен босатты

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Путин Шойгуды жаңа қызметке тағайындады / Фото: shutterstock

Ресей президенті Владимир Путин 2012 жылдан бері елдің қорғаныс министрі қызметін атқарған Сергей Шойгуды қызметінен босатты. Енді ол Ресей Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болады.

«Коммерсант» ақпаратына сүйенсек, Владимир Путин бесінші рет президенттік қызметіне кіріскеннен кейін, елдің қорғаныс саласына кадрлық өзгерістер жасаған. Сергей Шойгуды Қорғаныс министрі қызметінен босатып, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметіне тағайындады.

«Сергей Кужугетович Шойгу Ресей Федерациясының Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы болып тағайындалсын», – делінген Путин жарлығында.

Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, Шойгу кеңес хатшысынан бөлек әскери-өнеркәсіптік комиссияда президенттің орынбасары болады. 

«Сергей Кужугетович Шойгуға келетін болсақ, ол Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы әрі ӘӨК жөніндегі президенттің орынбасары болады. Ол кәсіпорындар бойынша әскери-өнеркәсіптік өнімдер өндірісінің қарқынын жақсы біледі, осы кәсіпорындарға жиі барады»,— деді Песков.

2008 жылдан бері осы лауазымды атқарған Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы хатшысы Николай Патрушев «басқа жұмысқа ауысуына байланысты» деген тұжырыммен қызметтен босатылды. Песков бірнеше күн ішінде Патрушевтің өз қызметін қай салада жалғастыратыны белгілі болады деп сендірді. 

Жаңа қорғаныс министрі болып бұрынғы бірінші вице-премьер, экономикалық блоктың жетекшісі Андрей Белоусов тағайындалды. Песков әскери блоктан емес, азаматтық блоктан таңдалған министрдің тағайындалуын инновацияға ашық болу деп түсіндірді.

BBC ақпаратына сүйенсек, 24 сәуірде Мәскеу соты қорғаныс министрі болған Шойгудың орынбасары Тимур Ивановты қамауға алған. Ол министрлікпен келісімге отырған мердігер компаниялардан 1 млн рубль көлемінде пара алды деген күдікке ілінген.

7 мамырда Кремльде Владимир Путиннің Ресей Федерациясының президенті қызметіне кірісуінің салтанатты рәсімі өтті. Ол осымен 5 рет сайлауда жеңіске жетті.

Сондай-ақ оқыңыз