«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасымен баспана алу шарттары қандай – «Отбасы банк» түсіндіріп берді

Жарияланды
Наурыз тұрғын үй
«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша берілетін ең үлкен заем көлемі 36 млн теңгені құрайды / Фото: kursiv.media

«Наурыз» тұрғын үй бағдарламасы бойынша өтініш қабылдау маусым айының аяғына дейін жалғасады. Бұл жайлы «Отбасы банк» АҚ Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова айтты.

Банк өкілінің айтуынша, 17 мыңнан астам адамнан өтініш түскен.

«10 мамырдағы жағдай бойынша қазақстандықтар барлығы 17 432 өтінім жолдады. Оның ішінде 8 945 өтінім сәтті қабылданды, олардың жартысы – 3955 өтінім тұрғын үйге кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдерінен түскен. Бұл көпбалалы отбасылар, жетім балалар, тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар. Гендерлік бөліністе қарайтын болсақ, өтінімдер арасында өтініштердің 57%-ы әйелдер ден түскен. Барлық өтініш берушінің 62%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Ең жас үміткер – Түркістан облысының 18 жастағы тұрғыны», – деді Ибрагимова.

Сондай-ақ «Наурыз» бағдарламасына қатысушы Баспана маркет порталы арқылы өтініш бере алады. Бұл портал арқылы өтініш беріп қана қоймай, сонымен бірге пәтер де таңдап, бронь қоя алады. «Отбасы банк» АҚ Басқарушы директоры Жансұлтан Матайдың айтуынша, бұл қызмет жаңа тұрғын үй бағдарламасының басталуы аясында тұрғын үй бағасының жасанды өсуіне жол бермеуге бағытталған.

«Алғашқы жарна 20%-дан басталады. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың әлеуметтік осал санаттары үшін несие бойынша мөлшерлеме – 7%, азаматтардың барлық санаты үшін несие бойынша мөлшерлеме – 9% құрайды, несие мерзімі – 19 жылға дейін», – дейді Матай.

«Наурыз» бағдарламасы аясында тұрғын үйді алғашқы нарықтан, сондай-ақ моноқалалар мен ауылдық елдімекендерде екінші нарықтан сатып алуға болады. Заемның ең жоғарғы мөлшері Алматы мен Астана қалалары үшін – 36 млн теңге болса, қалған өңірлер үшін – 30 млн теңгеге дейін.

Сонымен бірге банк төрағасы «Отау» бағдарламасы бойынша өтініші қабылданған азаматтардың тізімі жарияланғанын айтты.

«Бұл бағдарлама бойынша 25 мың өтініш қабылданды. Соның ішіндегі 8 мың адам ертеңнен бастап, баспана алуға қажетті құжаттарын жинай берсе болады. Ал бірнеше күнде үй таңдау бойынша портал ашылады», – деді Ибрагимова.

Ол «Отау» бағдарламасына өтініш беріп, өтпей қалғандар «Наурыз» бағдарламасына қатыса алатынын айтты. Банк басшысының айтуынша, «Наурыз» бағдарламасының талаптары жеңілірек, соған сәйкес мұнда пәтер алу мүмкіндігі де жоғары болмақ.

Еске сала кетсек, 1 мамырда іске қосылады деп жоспарланған «Наурыз» жаңа ипотекасы бес күн ерте басталғаны туралы «Курсив» жазған болатын.

Бұл жаңа жаңа ипотекалық бағдарламаның іске қосылатынын Атырауда өткен III Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Оның сөзінше, Қазақстанда ауыл және аудан орталығының тұрғындарына арналған жаңа тұрғын үй бағдарламасы пайда болады. Сонымен бірге ол үйлерді алатын әлеуметтік осал топтағы жандар үшін несие мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайды.  

Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында биыл 64 мың азаматты тұрғын үймен қамтуға 1 трлн теңге қаражат көзделгенін мәлімдеді. Министрдің айтуынша биыл халықтың әлеуметтік осал топтарын жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 339 млрд теңгеге 22 мыңнан астам арендалық пәтер сатып алу жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз