Қазақстанның көлік-логистика саласына 5,5 млрд еуро инвестиция салынады

Жарияланды (жаңартылды )
Қазақстанның ЖІӨ-дегі көлік-логистикасының үлесі 2025 жылға қарай 9%-ға дейін өсуі мүмкін/kursiv.media

Еуразия континентіндегі ЕО, Қытай, Үндістан мен Орталық Азияның экономикасында өсім болып,  инвестиция тарту және сауда айналымы көтеріледі деп күтілуде. Бұл елдер әлемдік экономиканың 40 %-ын құрайды. Пайыздық жағынан ең үлкен өсім Үндістан мен Орталық Азия елдерінде тіркелді. Бұл туралы «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) Аймақтық көлік-логистика саласына қатысты қаржылық есебінде келтірген.  

Азия мен Еуропа арасындағы сауда-саттықтың негізгі бөлігі теңіз жолдарымен жүзеге асырылады. Еуразия континентінің әртүрлі аймақтары, әсіресе, Еуропа мен Шығыс Азия, Таяу Шығыс пен Шығыс Азия, Еуропа мен Оңтүстік-Шығыс Азия арасындағы халықаралық сауданың бір бөлігі жақын болашақта құрлық арқылы тасымалданатын болады.

Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай орта дәліз бойынша жыл сайынғы тасымалдау көлемі үш есеге артып, Орталық Азия мен Кавказдың экономикалық өсуі есебінен 11 миллион тоннаға жетуі мүмкін. Жүк тасымалының еселеп артуына Қазақстанның үлесі зор. Мәселен, соңғы 10 жылда Қазақстан арқылы тасымалданған жүк көлемі 28%-ға өскен. Тасымалдаған жүк көлемі 2014 жылы 487 млрд тонна-километр болған. 2023 жылы ол көрсеткіш 621 млрд тонна-километрге жеткен.

Қазақстан көлік пен логистика саласына 15 жылда 35 млрд доллар салған

Қазір Қазақстан Орта дәлізі мен Солтүстік-Оңтүстік дәлізінің негізгі хабы ретінде өзінің көлік мүмкіндіктерін дамытуға айтарлықтай күш салуда. Мәселен, соңғы 15 жылда Қазақстан көлік пен логистика саласына шамамен 35 млрд доллар инвестиция салған. Қазақстанның ЖІӨ-дегі көлік пен логистиканың үлесі 2025 жылға қарай 9%-ға дейін өседі деген болжам бар.

Бүгінгі таңда Қазақстанда жүк тасымалдаудың негізгі түрі – темір жол, одан кейін автожолдар мен құбырлар. Соңғы жылдары т/ж жүк тасымалының көлемі айтарлықтай өсіп, 2023 жылы 327 млрд т-км-ге жетті. Оның көлемі 2020 жылы Covid-19 пандемиясы кезінде де төмендеген жоқ.

Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) бағалауы бойынша, Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын едәуір жақсартуға 18,5 млрд еуро тарту көзделсе, сол қаржының 5,5 млрд еуросы Қазақстан аумағында игерілетін болады.

ЕҚДБ бағалауы бойынша, Орталық Азияның көлік инфрақұрылымын едәуір жақсарту және орнықты байланыстарды қамтамасыз ету үшін қажетті инвестициялардың жалпы көлемі 33 инфрақұрылымдық жобаны дамытуды қоса алғанда, 18,5 млрд еуроны құрайды. Қазақстан үшін құны 5,5 млрд еуро болатын 13 жоба анықталды.

Сондай-ақ оқыңыз