«ҚазМұнайГаз» Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалтуға 68 млрд теңге жұмсайды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Қос кен орнын оңалтуға 68 млрд теңге бөлінді Фото: ҚМГ баспасөз қызметі

«ҚазМұнайГаз» Өзен және Қарамандыбас кен орындарын оңалтуға 68 млрд теңгеден астам қаражат бөлген. Жобаны ҚМГ-ның еншілес кәсіпорны – «Өзенмұнайгаз» 2023-2024 жылдары жүзеге асырып жатыр.

Қаржынының 17 млрд теңгесі – 2023 жылы, биыл 51 млрд теңгесі бөлінген. Оңалту аясында 2024 жылдың ақпан айында қосымша 23 ұңғыма пайдалануға берілген.

«Бұған дейін қабаттың гидравликалық жарылуы, суасты электроцентрифугалық бұрандалы сорғылардың (УЭЦН) заманауи қондырғыларын түсіру бойынша іс-шаралар жүргізілген болатын. Кәсіпорынның 100-ден астам ұңғымасында жаңа заманауи жабдықтар орнатылған», – делінген компания хабаламасында.

Одан бөлек, биыл қосымша 31 жаңа ұңғыманы бұрғылау, 200-ден астам суасты электроцентрифугалық бұрандалы сорғыларды түсіру, қапталған сорғы-компрессорлық құбырларды пайдалану, ұңғымаларды күрделі жөндеу, мұнай беруді арттыру бойынша жаңа технологияларды қолдану, сондай-ақ жерасты жабдықтарын диагностикалау және жөндеу цехын және екі блокты топтық сорғы станциясын (БКНС) жаңғырту жоспарланған.

Өзен және Қарамандыбас кен орындарында оңалту жобасы 2023 жылы басталды. 2024 жылдың бірінші тоқсанында оңалту жобасы бойынша мұнай өндірудің қосымша көлемі 5,9 мың тоннаны құрады. Жыл соңына қарай қосымша 135 мың тонна өндіу жоспарланған.

Кен орындарын оңалту «Өзенмұнайгаздың» мұнай өндіру көлемін бірнеше жыл ішінде жылына 5,2-5,5 млн тоннаға дейін арттыруға ықпал етпек. Оңалту жобасы бойынша, ӨМГ 2024 жылы қосымша 136 мың тонна мұнай өндіруі қажет. Түпкі мақсат – 2023 жылдан 2036 жылға дейін қосымша 19 млн тонна мұнай өндіру.

Бұған дейін «Өзенмұнайгазға» қарасты қос мұнай кен орны бойынша салық ставкасы 5 есе төмендетілгені хабарланды. Өйткені «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарындағы мұнайды су басты. «Өзенде» мұнайды су басу деңгейі – 89,3%-ға, «Қарамандыбаста» – 86,8%-ға жеткен.

 «ӨзенМұнайГаз» акционерлік қоғамы – Маңғыстау облысындағы ірі мұнай өндіруші компаниялардың бірі. Қазіргі уақытта компанияда 10 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания Өзен және Қарамандыбас кен орындарын игереді.

Сондай-ақ оқыңыз