Бишімбаевтың қорғаушылары апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді
Сот үкімімен 24 жылға бас бостандығынан айырылған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қорғаушылары сот үкімімен келіспейтінін жеткізді. Олар жақын күндері алқабилердің шешіміне қарсы аппеляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.
Сот шешімі шықпай тұрып қорғаушы Ләйлә Рамазанова сот қатал шешім шығарса, апелляцияға беретінін мәлімдеген.
«Бәрі үкімнің қандай болатынына байланысты. Егер бұл шешім бізді қанағаттандырмаса, апелляциялық шағым түсіреміз. Қандай үкім шықса да, кез келген жағдайда аппеляция болады деп ойлаймын»,– деді ол.
Ал сот үкімі шыққан соң, экс-министрдің екінші қорғаушысы Назкен Құсайынова алқабилердің шешімімен келіспейтінін жеткізген.
«Жоқ, мен (үкіммен) келіспеймін. Апелляцияға береміз», – деді Құсайынова.
Сот үкімі
Еске сала кетсек, кеше 13 мамырда өзінің азаматтық некедегі әйелін өлтірді деген күдікпен ұсталып, сот ісі ашық жүргізілген бұрынғы Ұлттық экономика мининстрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа қатысты сот үкімі шықты.
Сот Үкіміне сәйкес, экс-министр Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.
Үкімге сәйкес, ол қауіпсіздігі қатаң деңгейдегі қылмыстық-түзету мекемеде жазасын өтеуі тиіс. Бишімбаевтың 2023 жылы 9 қарашадан бері тергеу изоляторында қамауда отырған әр күні 1 күн болып есептеледі. Яғни оның жалпы жазасын өтеу мерзімі 23 жыл 6 айға созылады.
Бишімбаевтың туысы, Байжанов Бақытжан Әмірханұлы аса қауіпті қылмысты жасырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 432-бабында қарастырылған айыпқа сәйкес, кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығын айыру туралы сот үкімі шықты. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзету мекемесінде өтейтін болады. Оның қамауға алынған 11 қарашадан бастап тергеу изоляторында өткізген әр күні 1,5 күн болып есептеледі.
Сонымен қатар Бишімбаевтан сот экспертизасының шығындары үшін мемлекетке 2 млн теңге өндіріп алу да қарастырылған.
Сот үкімі шыққан соң мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбеков сотталушы Қуандық Бишімбаевты не себепті өмір бойына соттауды сұрамағанын түсіндірді.
Айжан Аймағанова айыптау тарапы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінде көрсетілген ең ауыр жаза – 20 жылға соттауды сұрағанын айтты. Ал Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша ең ауыр жаза – 7 жыл. Прокурорлар Бишімбаевты осы мерзімге соттауды сұраған. Алқабилер мен судья екі бап бойынша ең ауыр жазаны ішінара қосу арқылы үкім шығарған.