Туристік орындардағы антисанитария мәселесі қашан шешіледі - Туризм министрі жауап берді

Жарияланды
туризм саласындағы
Еліміздің туристік орындарында 500-ге жуық дәретхана салынады / Фото: kursiv.media

Қазақстанның туристік орындарында санитарлық орталықтар, яғни дәретханалар 2 жылдан кейін ғана пайда болады. Бұл жайлы Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты.

Журналистер туристер жиі баратын орындарда қарапайым дәретханалардың жоқ екенін, көп жерлерде антисанитариялық жағдай қалыптасқанын атап өтті.

«Шыны керек, Бозжыра мен Бурабайға шетелден келген қонақтарды апаруға ұяласың. Себебі ол жерде дәретханалар мүлде жоқ. Ал Араб Әмірліктерінде тіпті шөл далада дәретхана тұрады. Бізде болса, елдімекенге жақын орналасқан жерлердің өзінде тазалық мәселесі ескерілмеген. Қашан біздің туристік орындарда дәретханалар пайда болады?»,– деп сұрады журналист.

Министр бұл мәселенің 2 жылда шешілетінін жеткізді. Айтуынша, мұндай туристер көп баратын орындарда жәй ғана дәретхана емес, санитарлық талаптарға сай нысандар салу көзделген.

«Біз бұл мәселені жергілкті әкімдіктер алдында көтеріп отырмыз. Қазіргі таңда жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, 20 дестинацияны дамыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Ал дәретханаларға келер болсақ, біз алдағы уақытта туристік орындарда 500 дәретхана салуды жоспарлап отырмыз»,– деді министр.

Айтуынша, сол 500 дәретхананың бүгінде 300-і салынып қойған. Алдағы екі жылда қосымша 200 нысан салынады. Мұндай нысандар туристер көп баратын өңірлерде салынады.

Журналистер сонымен бірге Бозжыраның халықаралық деңгейде танымал туристік орынға айналып үлгергенін, бірақ ол жердегі санитарлық жағдайдың нашарлығына байланысты туристердің онда барғысы келмейтінін айтты. Өз кезегінде министр бұл проблеманың күні кеше пайда болмағанын, оның бұрыннан шешілмей келе жатқанын мәлімдеді. Оны шешу үшін уақыт қажет болады.

«Біз мұндай кедергілердің бар екенін білеміз. Проблема бар, мойындаймыз. Айта кетейін, бұл мәселе біз жұмыс істей бастаған 9 айда пайда бола салған жоқ. Бұрыннан келе жатыр. Қазіргі таңда осы мәселені шешу үшін бар күшімізді салып жатырмыз. Бізде бұған қатысты арнайы жол картасы әзірленген. Сол картадағы жоспарға сәйкес инфрақұрылымды дамытуды көздеп отырмыз», – деді министр.

Еске сала кетейік, Үкімет отырысында Маржықпаев еліміздің туристік аймақтарының тізімі ТОП-20-ға дейін кеңейтілгенін мәлімдеді. Министр 2023 жылы Маңғыстау облысының «Жылы жағажайына» инфрақұрылымды жеткізу бойынша бірқатар жобалар аяқталатынын жеткізді. Биыл Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында үш әуежай терминалының құрылысын аяқтау жоспарланған. Топ 20 туристік аймақтардың тізімімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Министр сонымен бірге 2023 жылы туризм саласынан бюджетке 450 млрд теңге салық түскенін айтты. Айтуынша 2023 жылы негізгі капиталға инвестициялар көлемі 787 млрд теңгені құраған.

Бұл көрсеткіштер алдыңғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екен. Мәселен, 2022 жылы негізгі капиталға тартылған инвестиция 513 млрд теңгені құраған. Яғни 2023 жылғы сома алдыңғы жылмен салыстырғанда 274 млрд теңгеге артық. Солайша өткен жылы инвестиция көлемі 53 пайызға артқан.

Сондай-ақ оқыңыз