Су тасқыны, мамыр мен маусымдағы құрғақшылық егістіктерге қалай әсер етуі мүмкін – маман жауап берді

Жарияланды
астық
Қазақстан биыл 13,5 млн тонна астық жинауды жоспарлап отыр / Фото: kursiv.media

Мамыр-маусым айларында құрғақшылық болып, салдарынан ауылшаруашылығы зиян шегуі мүмкін. Ол астық көлеміне әсер етуі мүмкін. Бұл жайлы жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының президенті Қайрат Майышев айтты.

Қауымдастық өкілінің айтуынша, тасқын су салдарынан су топыраққа дұрыс сіңбей, егістік алқаптарынан ағып кетіп жатыр. Ал Қостанай облысында су тасқыны құнарлы топырақты шайып кеткен.

«Бұл топырақтың өнімділігіне теріс әсер етуі мүмкін, өйткені топырақтың үстіңгі қабатында өсімдіктердің өсуіне қажетті қоректік заттар болады. Сонымен бірге дәнді-дақыл сақталатын қоймаларды су басқан. Бұл астық салуға тұқым қорын азайтып, жағдайды күрделендіре түсті», – дейді Майышев.

Десе де Ауыл шаруашылығы министрлігі ауылшаруашылық алқаптарының басым бөлігі су тасқынынан зардап шекпегенін және егіс жұмыстарын бастау үшін топырақтағы ылғалдылықтың жеткілікті екенін мәлімдеген. Ал су басқан егістіктерді қалпына келтіру жұмыстарына біраз уақыт кетуі мүмкін.

Астық қауыдастығының болжамына сәйкес биыл елде 13,5 млн тонна астық жиналады. Алайда кейбір су басқан аймақтарда, әсіресе, солтүстік және батыс аймақтарда астық көлемі азаюы мүмкін. Сонымен бірге жағдайды мамыр-маусым айларында күтілетін құрғақшылық қиындатуы мүмкін.

«Ғалымдар су тасқынынан кейін топыраққа судың әлсіз сіңуін байқап, судың 80% -ы топыраққа енбей егістіктерден ағып жатқанын хабарлады. Бұл алаңдаушылық туғызады, өйткені алдағы мамыр және маусым айларында болатын құрғақшылық ауыл шаруашылығына зиянын тигізуі мүмкін»,– дейді қауымдастық басшылығы.

Осы орайда Аулы шаруашылық министрлігі фермерлерге топырақта ылғалды сақтаудың агрономиялық әдістерін пайдалануды ұсынады. Яғни фермерлер топырақта ылғалды сақтауға көмектесетін ауылшаруашылық әдістерін қолдануы керек.

Сонымен бірге су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі фермерлерді қолдау мақсатында министрлік олардың ауылшаруашылық инфрақұрылымын қалпына келтіруге және нығайтуға арнайы гранттар мен жеңілдетілген несиелер беруді көздеп отыр.

Қайрат Майышевтың айтуынша тасқын судың салдарынан су мен жем сапасы да нашарлауы мүмкін. Бұл өз кезегінде құс шаруашылығына теріс әсер етеді.

«Ластанған су немесе жем құстар арасында аурудың өршуіне себеп болуы мүмкін. Бұл өнімділіктің төмендеуіне, өлім-жітімнің артуына және емдеу шығындарының өсуіне әкелуі мүмкін, бұл шаруашылықтардың қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етеді.
Ауыр металдар немесе пестицидтер сияқты кейбір ластаушы заттар құс етінде жиналып, соңғы өнімге – ет пен жұмыртқаға өз әсерін тигізетіні анық. Бұл түптеп келгенде, тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіреді», – дейді ол.

Қауымдастық өкілі болашақта су тасқыны осылайша жалғасса, ауыл шаруашылығы секторында жағдайдың қиындай түсетінін айтады. Атап айтқанда егістік инфрақұрылымы бұзылып, топырақ эрозиясына әкеледі. Сонымен бірге ауылдық жерлерде жұмыс орындарының қысқаруына, өмір сүру жағдайларының нашарлауына және адамдардың жаппай қалаға көшуіне әкелуі мүмкін.

«Ықтимал әсерлерді азайту үшін үкіметтер мен ауылшаруашылық ұйымдары инфрақұрылымның тұрақтылығын арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, ауыл шаруашылығы тәжірибесін оңтайландыру және фермерлерді қолдау бағдарламалары сияқты бейімделу стратегияларын жүзеге асыруы керек»,– дейді Майышев.

Еске сала кетсек, АШМ су тасқынының астық науқанына кедергі болмайтынын мәлімдеді. Ведомство хабарлауынша, жоспарланған егіс алаңдары су тасқынынан зардап шекпеген. Сонымен бірге бұл егіс алқаптарында, топырақтағы ылғал қоры жеткілікті деңгейде. Бұған 2023 жылдың қыркүйегіндегі қатты жаңбыр мен қарлы қыс әсер еткен. 

Сондай-ақ оқыңыз