Мұхтар Әблязовтың 15 жыл іздеуде жүрген тағы бір сыбайласы Қазақстанға қайтарылды

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің редакторы
сыбайласы
Әблязовтың тағы бір сыбайласы ұсталды. Фото: kursiv.media

Мұхтар Әблязовтың тағы бір сыбайласы Қазақстанға өз еркімен қайтарылды. Ол – 2009 жылдан бері іздеуде жүрген Алексей Владимирович Богданов. Әблязовтың сыбайласы 15 мамырда Интерполдың көмегімен Брюссель қаласынан (Бельгия) Алматыға жеткізілген.

Богданов «Metropolitan Manageres Corp» (BVI) оффшорлық компаниясының номиналды өкілі, «Беловод крахмал комбинаты» ЖАҚ Басқарма Төрағасы және «Маис Агро» ЖШС маманы болып жүрген кезінде банктен 300 млн теңге жымқырған.

Күдіктінің жақын туыстары және адвокатының түсіндіруі нәтижесінде Богданов Қазақстанға оралуға және тергеуге жәрдемдесуге ниет білдірген.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшылығымен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы «БТА Банкі» АҚ бұрынғы топ-менеджментіне қатысты ұйымдасқан қылмыстық қоғамдастық құрамында жасалған ақшаны, оның ішінде шетелде жымқыру және жылыстату фактілері бойынша қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда», – делінген Антикор хабарламасында.

Күдіктінің ерікті түрде оралғанын, кінәсін толық мойындағанын және тергеумен ынтымақтастығын ескере отырып, Богдановқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы «кепілге» өзгертілген.

Қазіргі уақытта күдіктінің қатысуымен сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

2023 жылы Әблязовтың сыбайласы әрі ағасы Қуаныш Нұрғазин Қазақстанға оралып, Алматы әуежайында ұсталған болатын. Ол да өз еркімен Қазақстанға оралуға ниет білдірген.

Әблязов ісі

Мұхтар Әблязовтың өзі 2009 жылы БТА банкі ыдырағаннан кейін Қазақстаннан қашып кеткен, содан кейін ел билігі оны банктен 7,5 миллиард доллар жымқырды деп айыптаған.

2021 жылдың желтоқсанында Франция соты Әблязовты Қазақстанға экстрадициялаудан бас тартты. Алайда бір жылдан кейін, 2022 жылдың желтоқсанында Францияның босқындар ісі жөніндегі ұлттық соты Әблязовқа Франциядан саяси баспана беруден бас тартқаны хабарланды. Әблязов Ресей мен Украина сынды елдердің сот төрелігінен де жасырынып жүр.

2018 жылы Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Мұхтар Әблязовты өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кескен болатын. Экс-банкирге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 28-бабы 3-бөлігі, және 96-бабы, 2-бөлігінің«ж, з» тармақтары бойынша (адам жалдап, кісі өлімін ұйымдастыру) айып тағылып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз