Сарапшылар бизнестің дамуына кедергі келтіретін факторларды атады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Бизнестің дауына кедергі келтіретін жағымсыз фактор – табиғи апаттар болды / Архив: kursiv.media

Қазақстанда шағын және орта бизнес жылдан жылға дамып келеді. Алайда оған кедергі келтіретін факторлар да жетіп артылады. Бұл туралы толығырақ United Research Technologies Group (URTG) ЖШС сарапшылары жүргізген 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы «Қазақстан ШОБ бизнес-барометрі» (ШОБ ББ) кешенді зерттеуінде жазылған.

Зерттеу тұрғындардың кәсіпкерлік субъектілерінің санын көрсететін аймақтық (17 облыс және 3 республикалық маңызы бар қала) және салалық (сауда, өңдеу өнеркәсібі және тау-кен өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс және қызмет көрсету) квоталары мен елдің жалпы ішкі өніміне қосқан үлесін ескере отырып жүргізілген.

Сарапшылар арнайы сауалнама негізінде бизнестің дамуына кедергі келтіретін факторларды айқындады. Атап айтқанда:

  • Жалпы экономикалық саясаттың айқындалмауы, оның ішінде салықтар, мемлекеттік шығыстар, реттеу, Ұлттық банк саясаты бар;
  • Қаржылық шектеулер;
  •  Ішкі нарықтағы сұраныстың жеткіліксіздігі;
  • Шикізат, материалдар, жабдықтар тапшылығы.

«Қосымша мәселелерге қатысты ШОБ өкілдері көп жағдайда реттеуші инновацияларға теріс көзқарастарын білдірді. Бұл әсіресе ҚР Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге қатысты болды. Оған қатыстры сауалнамаға қатысқан 500 кәсіпорынның 59%-ы теріс дауыс берген», – деп жазылған зерттеуде.

Ұялы аударымдарды бақылау мен шектеулерді енгізуге қатысты теріс пікірлер де көп. Сауалнамаға қатысқандардың – 55%-ы осыны атап өткен.

«Ескере кететін жайт, биыл ШОБ үшін қосымша жағымсыз фактор – табиғи апаттар болды. Ең алдымен, елдің батысы мен солтүстігіндегі ауқымды су тасқыны. Мұның бәрі бизнес индекстерінің одан әрі төмендеуіне және бизнес кедергілерінің қысымын арттыруға әкелуі мүмкін», – деп жазылған зерттеуде.

Еске сала кетсек, мемлекет шағын және орта бизнеске қолдауды күшейту мақсатында «жаңа күн тәртібін» енгізеді. Атап айтқанда «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздеп отыр. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі айтты.

Сондай-ақ оқыңыз